«Мәдениет – асыл қазынам» атты Мойынқұм ауданының мәдениет күні өтті

0 65

 Мойынқұм ауылындағы Б. Момышұлы атындағы стадионда «Мәдениет – асыл қазынам» атты аталмыш  ауданның мәдениет күні өтті.

Іс шараға келген қонақтар және зиялы қауым өкілдері ең алдымен аудан орталығындағы екі мәрте Социалистік Еңбек Ері, даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, құран оқумен бастады.

Іс-шараның шымылдығы «Жаз-ата жайлауындағы» театрландырылған көрініспен ашылып, қазақтың «Келіндер сәлемі» мен «Тұсау кесер» салт-дәстүріне ұласты. Ал 16 ауылдық клуб, 16 «Нива» автокөлігі, 16 ауылдық клубтың логотипі ілінген керуен аудан орталығын аралап, орталық стадионның батыс жағындағы қақпасына келіп тоқтады.
Кіреберісте жастарды тербеткен «Алтыбақан», қолөнер шеберлерінің ауылы, ауылшаруашылық жәрмеңкесі, ауданның тарихы мен жетістіктері жайында қойылған түрлі көрмелер қонақтарды елітіп, Мойынқұм өңірінің тарихынан сыр шертті.

Аталмыш іс-шара барысында аудан тұрғындары мен меймандары аударыспақ, көкпар тарту ойындары мен қазақ күресі мен қол күрестен және сондай ақ қой қырқудан Кеңес Одағының екі дүркін чемпионы Шотай Тайбағаров атынан қой қырқудан өткізілген жарыстарды тамашалап, киіз үйге жайылған дастархандағы ұлттық дәмнән ауыз тиіп, халқымыздың барлық тұрмыс-салтын көрсеткен қыз-келіншектердің күбі пісіп, құрт түйген, ет асып, диірмен тартып, бауырсақ пісіргеніне зер салды.
Бұл шараның мақсаты — ұлттық құндылықтарымызды ұлықтап, төл тарихымызды таразылап, дәстүрлі дала мәдениетін дәріптеу әрі жас ұрпақтың санасына бабаларымыздың салт-дәстүрі мен өмір дағдысын сіңіру. Сонымен қатар, меймандарға Мойынқұм өңірінің жауһарлары мен жетістіктерін паш ету болды.

Салтанатты жиынның ашылуында жерлесіміз Асылхан Шүңіреков бастаған «Тараз» триосы «Жүрегім нәр алған ба — Мойынқұмнан» әнін орындағанда, 16 нива автокөлігі мен қолдарына домбыра ұстаған 160 адам бастаған шеру орталық стадионды айналып өтсе, алаңда ұлттық нақышта киінген 150 қыз мың бұрала би биледі.

Орталық стадионның қақ ортасынан орын алған еңселі сахнада жиналған қауымды құттықтаған облыс әкімдігі мәдениет және құжаттама басқармасының басшысы Ерлан Жүнісбай өзінің ізгі тілегін жеткізді.

Бұдан кейін сөз алған аудан әкімі Әлихан Балқыбеков:

— Тарихи деректерге сүйенсек, қазақ хандығы осы Мойынқұм жерінде бастау алған. 1465 жылдары Керей мен Жәнібек сұлтандар бір түмен елімен, төрт түлік малымен қопарыла көшіп, Шу бойындағы осы Мойынқұмда қыстап, Қозыбасының Тұлпарсаз жайлауында Керейді ақ киізге көтеріп хан сайлап, өздерін қазақ деп атапты. Хан сайлауы кезінде ел жабыла қозы сойып топтанып етін жейді, бас сүйектерін бір жерге жинайды. Сөйтіп, бас үйілген жерді Қозыбасы деп атаған. Бұл киелі мекен осы Мойынқұм ауданына қарасты Хантау тауының бөктерінде жатыр-дей келе талайларды таңқалдырған киелі Мойынқұм жерінің тарихына тоқталып, бірқатар мәдениет майталмандарына «Ауданға сіңірген еңбегі үшін» төсбелгісін тақты.

Іс-шара соңы эстрада жұлдыздарының концерттік бағдарламасына ұласты.

 

Leave A Reply

Your email address will not be published.