Қызылордада биыл 503 мың тонна күріш жиналды. Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі өткен жылмен бірдей болды. Бұл туралы облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев елордада есептік кездесуінде айтты, деп хабарлайды Kazinform.
«Егін науқанының қорытындысымен әр гектардан 56,5 центнерден өнім алынып, қамбаға 503 мың тонна күріш жиналды. Су тапшылығына қарамастан күріш өнімділігі өткен жылмен бірдей болды. Облыстың ауыл шаруашылығы саласындағы экспорттық әлеуеті артып, өткізу нарығы кеңеюде. Соңғы 2 жылда құны 84 млн АҚШ доллары болатын ауыл шаруашылығы өнімдері экспортталды. Экспортталған өнімнің 96% өңделген», — деді Нұрлыбек Нәлібаев Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында.
Оның айтуынша, суды үнемді пайдалану үшін тамшылатып, жаңбырлатып суару әдістерінің қолдану аясы кеңейтілмек. Осы жылы су үнемдеу технологиясын пайдалану арқылы 872 гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. Бұл үрдісті жыл сайын арттыру көзделген.
«Аймақта күріштің, өзге де дақылдардың жаңа сорттарын шығарып, өнім сапасын арттыру үшін Ыбырай Жақаев атындағы қазақ күріш шаруашылығы ғылыми зерттеу институтының қызметіне басымдық беріледі. Жақында Ауыл шаруашылығы ғылым академиясымен агроөнеркәсіптік кешенді ғылыми және инновациялық дамыту саласындағы ынтымақтастық келісіміне қол қойылды. Өнімділігі жоғары, өсу мерзімі қысқа күріштің жаңа сорттарын өндіріске енгізудеміз. Ғалымдар бірнеше жаңа сорттарды сынақтан өткізіп жатыр. Биылғы нәтиже жақсы. Пилоттық жобадағы сорттар 10 центнерден жоғары өнім беріп, 10-15 күн ерте пісті. Келесі жылы да осы көрсеткіш сақталса, 2025 жылдан бастап жаңа сорттар қолданысқа енеді»,- деді өңір әкімі.
Облыста егіс алқабын әртараптандыру жұмыстары да жалғасуда. Суды аз қажет ететін дақылдарды егуді көбейтеміз, майлы дақылдар алқабы 13%, мал азығы дақылдары – 8%, картоп, көкөніс, бақша дақылдары алқабы – 0,5%, басқа дақылдар егісі — 21% артады.