Биыл Ұлыстың ұлы күні әз Наурызды 10 күн тойлау ұсынылды және 16 наурыз – Мәдениет және ұлттық салт-дәстүр күніне арналады. Наурыздың қайта жаңарған мәні де осында: дәстүрлер жаңа заманға бейімделіп, тың мазмұн-пішінге ие бола бастады. KAZINFORM агенттігі жаңа заманға бейімделген дәстүрлерге шолу жасап көрді.
Көрімдік «Каспиге»
Жаңа бұйым алғандардың әлеуметтік желіде «Көрімдікті Каспиге жіберіңдер» деп жазуы жиіледі. Әдетте көрімдік – жандыға берілсе, жансыз жаңа бұйымдарға байғазы аталады. Қазір екеуінің мән-мағынасы бірігіп, жаппай көрімдік сұрау дағдыға айналғандай.
Жазушы Зейнеп Ахметованың «Күретамыр» кітабында байғазы – әдетте кішкене балалардың жаңа киіміне, жаңа бұйымына берілетін сый-жоралғы екені жазылған. Байғазының кесімді өлшемі жоқ, оны әркімнің патша көңілі біледі. Мысалы ұлдарға қамшы, ноқта-жүген секілді заттарды, қозы-лақ сияқты төлдерді, ал қыздарға – үкі, сөлкебай, моншақ, маржан секілді бұйымдарды берген.
«Көрімдік – жаңа түскен келінге, бірінші рет тәжімге келген күйеу жігітке, сүндеттелген ұлға, құлағы тесіліп, сырға таққан қызға, жаңа туған нәрестеге алғаш көрген сәтте заттай, ақшалай немесе малмен берілетін сыйлық. Көрімдік жақындықты, көңіл жетер сыйластықты, өзгенің қуанышын өзінікіндей етене қабылдау белгісі ретінде танылады. Сондықтан жөн-жосықты білетін адамдар көрімдікті сұратпай-ақ, өз қалауымен ұсынып, абыройын асырып жатады», — деп жазған З.Ахметова.
Қазіргі уақытта көрімдік те, байғазы да заттай емес, банк қосымшалары арқылы онлайн жіберіледі. Бұл арадағы қашықтық, шекара мәселесін де жойып жібергендей, себебі қазақтар әлемнің қай бұрышында жүрсе де, көрімдігі «Каспиге» түсіп тұрады.
Келін жаулығындағы QR-код
Қазақтың келін түскенде жасалатын басты салтының бірі – беташар. Шаңыраққа жаңа түскен келінді үй-ішімен, ағайын-туыспен таныстырып, тәрибелік мәні бар жыр айтылады. «Қазақ энциклопедиясы» жинағында «Сәлем алған адам жас келінге беретін сый-сыяпатын атайды. Мысалы, сол шаңыраққа жақын ауқатты туыстары құлынды бие, енді біреулері отауға тігетін киіз үй берген» деп жазылған.
Кейінірек беташарға бос табақ қойып, ақшалай сый беру басталды, ал кей өңірлер қонақтарға теңгеден, тәттілерден шашу шашады. Тіпті танымал блогерлер арасында беташарға ақша салудан жарыс өтіп, бір сәлем үшін миллиондап ақша салатын жағдайлар да кездеседі.
Кейінгі жылдары қолма-қол ақшаның қолданыстан шығуына байланысты онлайн банк аударымдары, келіннің ақ жаулығына QR-код жапсырмасын ілу үрдісі басталды. Кей тұрғындар мұны салт-дәстүрді қорлау деп бағаласа, басқалары замана көшіне ыңғайланған креативті шешім деп есептейді.
Онлайн құдалық
Қыз айттыру мен құдалық – жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлардың туыстары жақынырақ танысуы үшін жасалатын айрықша дәстүріміздің бірі. Онда атқарылатын әдет-ғұрыптар, жөн-жоралғылар, берілетін сый-кәделер әр аймақта қос тараптың мәмілесіне, материалдық жағдайына қарай әртүрлі деңгейде өтеді.
Дегенмен, соңғы жылдары жаһандану, жаппай цифрландыру және төрт жыл бұрынғы Коронавирус пандемиясы құдалық форматының да өзгеруіне ықпалын тигізді. Шет мемлекеттерден, алыс жолдан немесе ауа райының қолайсыздығынан жете алмаған туыстар немесе құдалар онлайн платформаларды кеңірек қолданып, жастарға бақыт тілейді. Бұл үшін еліміздегі салтанатты мейрамханаларда үлкен экран, сапалы дыбыс секілді бар жағдай жасалған.
Тойбастар әннен кәсіп көзіне айналды
Алғашында дәстүріміздегі тойбастар – қыз ұзату, үйлену, шілдехана секілді қуанышты ортада шырқалатын ән еді. Онда қара өлең немесе жыр үлгісінде той иесін мадақтап, бір тойдың екінші тойға ұласа беруін тілейтін жақсы тілектер айтылады. Той иесі тойбастар айтқан адамға бағалы сыйлық беріп, құрмет көрсетеді.
Ал қазір тойбастардың сипаты қатты өзгерді. Қазақстандықтар той соңында тобықтай сыйлық беруді міндеті санайды және оны қыруар ақшаға сатып алады. Әсіресе той маусымы қызған шақта тойбастар жасаушылардың да кәсібі қыза түседі. Той иесінің қалтасына қарай, тойбастардың да салмағы арта түседі – қазір стандартты бал-шоколадтан бастап, бағалы брендке толы кәрзеңкелерді де көруге болады. Ал қонақтарына тағылымды сый бергісі келгендер «Абайдың қара сөздері» секілді кітапшаларды таратады.
«Құрсақ шашу» VS «Гендер пати»
Ультрадыбыстық зерттеу арқылы құрсақтағы бала жынысы белгілі болғанда «Gender reveal» сауық кешін жасау біздің елімізде де жиі тарады. Бұл мерекені Батыс елдері 2008 жылдары бастаса, қазақ халқында «Құрсақ шашу» жоралғысы бағзы замандардан бері жасалып келеді.
«Құрсақ шашуға әйелдер құр қол келмейді, әрқайсысы әртүрлі тағам әкеліп, келіннің жерік асын табуға жәрдемдеседі. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын болмаған сезім-түйсіктерді басынан кешеді, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады», — дейді жазушы З.Ахметова «Күретамыр» кітабында.
Жылдан-жылға «Құрсақ шашу» мен «Гендер пати» элементтері қосылған, қызғылт-көк түсті мерекелер көбейтіп келеді. Ең бастысы, болашақ ананың көңіл-күйіне мән беріліп, ең ізгі тілектер айтылады.
Тұсаукесерге корей дәстүрінің енуі
Баршамызға белгілі, бала тәй-тәй басып, алғашқы қадамдарын жасағанда тұсаукесер рәсімі өтеді және бұл рәсімді ел арасында беделді, қимыл-қозғалысы ширақ адамдарға ұсынады. Әсіресе ешкімнің ала жібін аттамасын деген ырыммен ала жіппен кесу ел ішінде кең тараған. Одан бөлек, көгеріп, өсіп-өнсін деген ырыммен көк шөппен, бай-қуатты, малды болсын деп қойдың тоқ ішегін орап кесу де бар.
Соңғы жылдары тұсауы кесілген баланың алдында домбыра, кітап, ақша секілді түрлі зат қойып, болашақ мамандығын таңдауға ұмтылыстар байқалады. Ескі қазақ тұрмысында бұл жоралғы кездеспейді, тіпті корей халқының «тольджанчхи» дәстүрінен енуі мүмкін. Корей халқы бір жасқа толған баланың алдына түрлі зат қойып, болашақ тағдырын бағамдаған. Дегенмен, жақсы ниеттен туындаған бұл қызықты жоралғы халық арасына кең тарап кетті.