Зейнетақы активтерін басқару: 2026 жылы не өзгереді

0 2

Зейнетақымен қамту мәселелері туралы қаулы жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі әзірлеген қаулы жобасы «Ашық НҚА» порталында жарияланды. Аталған құжат 8 желтоқсанға дейін қоғамдық талқылауға ұсынылып отыр.

Жоба жеке инвестициялық портфельді басқарушыларға берілген зейнетақы активтерін басқаруды одан әрі жетілдіру мақсатында дайындалған.

— 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап басқарушы компаниялардың қызметін бағалау жүйесі орташа өлшенген нәтижеден қазақстандық қор нарығы мен әлемдік қаржы алаңдарының индексін қамтитын композиттік индекстерге (бенчмарктерге) негізделген бағалауға көшеді, — делінген құжатта.

Осыған байланысты Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулыға келесі өзгерістер мен түзетулерді енгізуді ұсынады:

— салымшының зейнетақы активін белгілі бір инвестициялық портфельге беру тәртібін және шарттарын айқындау;

— инвестициялық портфельді қалыптастыру критерийлеріне байланысты шетел валютасына инвестициялау лимитін белгілеу;

— басқарушы компаниялар инвестициялық портфельді таңдаған кезде БЖЗҚ-ның (Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры) салымшыларды ақпараттандыру жөніндегі міндетін белгілеу;

— басқарушы компаниялардың инвестициялық портфельді таңдау туралы уәкілетті органды хабардар ету тәртібі мен мерзімін айқындау.

Айта кетейік, Қазақстанда 2026 жылы зейнетақы 10 пайызға ұлғаяды.

Leave A Reply

Your email address will not be published.