Әлеуметтік желілерде Арыстағы жарылыс кезіндегі сын сағаттарды сипаттаған жаңа фильм жарияланды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Фильмнің сюжеті Арыс қаласындағы әскери қоймаларда болған жарылыс салдарынан халықтың бастан өткерген қиын сәттерін бейнелейді. Бейнематериалда атақонысынан кетуге мәжбүр болған қала тұрғындары өз қайғыларымен бөлісті. Ал әскери өрт сөндірушілер апат орнында өртті қалай ауыздықтағанын, туған-туыстарын іздеп қалай жанұшырғанын айтады» делінген хабарламада.
Еске сала кетсек, Арыс қаласындағы әскери бөлімнің қоймасында 24 маусым күні таңертең жарылыс болды. Салдарынан үш адам қаза тапты — Арыс тұрғыны мен екі әскери қызметші. 170-ке жуық адам зардап шекті. 20-ға жуық үй, 9 қора-қопсы жанып, далалы аумақта 14 ошақ тұтанды. Үй-жайлар мен ғимараттардың 80-90 пайызына әртүрлі деңгейде зақым келді. Бірқатар өңірде шұғыл желілер құрылды.
Түркістан облысына арнайы барған Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Арыстағы әскери бөлімшедегі оқ-дәрі қоймасындағы жарылыстан зардап шеккен қала тұрғындарымен кездесіп, қаланың қалпына келтірілетініне уәде берді.