Бүгін ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникация қызметінде «Астана клубының» алдағы отырысына арналған брифинг өтті. Елордасына халықаралық қатынастар саласындағы әлемдік деңгейдегі саясаткерлер, сарапшылар мен дипломаттардың басын қосқан халықаралық пікірталас алаңы осымен бесінші мәрте өткізіледі, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Шара спикерлерлері ретінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті — Елбасы Қоры жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының (ӘЭСИ) директоры Ержан Салтыбаев, Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасы Қорының Халықаралық бағдарламалары Орталығының басшысы Қайрат Абусеитов, сондай-ақ ӘЭСИ сарапшысы Ерлан Мәдиев қатысты.
Брифингте алдағы шараның бағдарламасы таныстырылып, талқыға түсетін тақырыптар жарияланды. «Астана Клубы 2019» басты тақырыбы – «Үлкен Еуразия: жаһандық ынтымақтастықтың жаңа құрылымы жолында».
Халықаралық деңгейдегі жоғары талқыға 30 елдің сарапшылары қатысады. Олар қазіргі әлемдік тәртіптің келбетін қаузап, дүниежүзілік экономиканың ахуалы мен күн санап қарқын алған технологиялық жарыс мәселелерін назарға алады. Сондай-ақ, ядролық қарусыздану мәселесі мен Еуразия елдері үшін серіктестіктің жаңа форматын құру болашағын талқылайтын болады.
Осы және өзге де тақырыптарды құрамына бұрынғы мемлекет және үкімет басшылары, министрлер, халықаралық ұйымдардың бас хатшылары, Нобель сыйлығының лауреаттары мен геосаясат мәселелеріндегі беделді мамандарды топтастырған «Астана клубының» сарапшылары қаузайды.
Ержан Салтыбаев, Әлемдік экономика және саясат институтының директоры (ӘЭСИ): «Еуразияда геосаяси қарама-қайшылықтың күшеюі байқалғандықтан, ынтымақтастық пен келісімді реттейтін жаңа идеяларға сұраныс туындайды. Осы ретте «Астана клубы» Үлкен Еуразиядағы қауіпсіздік пен ынтымақтастық мәселелерін шешудегі қазақстандық көзқарасты алға тартуда маңызды рөл атқарады.
«Астана» клубы» аясында өткізілетін негізгі шаралардың бірі — «Үлкен Еуразияны құру: серіктестіктің жаңа үлгісі» пленарлық отырысына Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Н.Ә.Назарбаев қатысады. Аталмыш отырыстың модераторы — Ұлттық мүдделер орталығының президенті, «The National Interest» беделді журналының баспагері Дмитрий Саймс (АҚШ).
Келесі спикерлер өз пікірлерін ортаға салады: Бейбітшілік саласындағы Нобель сыйлығының лауреаты (2005), МАГАТЭ-нің Бас директоры (1997-2009) Мұхаммед Әл-Барадей, Goldman Sachs International атқарушы емес төрағасы, Еуропалық комиссия төрағасы (2004-2014 жж.) Жозе Мануэль Баррозу және JP Morgan Chase International басқарма төрағасы, Халықаралық отыздық тобының төрағасы (G30) Джейкоб Френкель.
Бұдан бөлек, спикерлер ҚР Тұңғыш Президент Қоры жанындағы ӘЭСИ алаңының баспасөз орталығында «Астана клубы» аясында өтетін баспасөз-конференциясы туралы хабарлады. 11-ші қараша күні баспасөз-конференциясы барысында Әлемдік экономика және саясат институтының ауқымды халықаралық зерттеу жұмысы «Еуразия 2020 үшін 10 басты сын-қатер» рейтингісі таныстырылады.
Зерттеу жұмысының тең авторлары: Словения Президенті (2007-2012 жж.) Данило Тюрк, Карнеги қорының вице-президенті Эван Фейгенбаум (АҚШ), сонымен қатар, Ресей саяси зерттеулер орталығы кеңесінің төрағасы Евгений Бужинский (Ресей).
«Әлем халқының 60%, дүниежүзілік ЖІӨ 65% және энергетикалық ресурстардың 75% шоғырланған жер шарының ірі құрлығы Еуразияда қазіргі таңда сын-тегеуріндер мен қауіп-қатер арта түсуде. Қайшылық күшейген тұста тәуекелдерді дәлме-дәл анықтап, оның даму сценариін болжауда салмақтылық пен нақтылық қажет. Еуразия үшін сын-қатерлерді картаға түсіру міндетінің өзектілігі 2020 жылға болжам жасалған «Астана» клубының сын-қатерлер рейтингісінің екінші шығарылымымен растала түсті», — дейді Ержан Салтыбаев.