Нұр-Сұлтан қаласында ҚР Білім және ғылым министрлігі Ұлттық ғылыми-практикалық дене тәрбиесі орталығының ұйымдастыруымен спартакиада ойындары өтті. Алғаш рет ұйымдастырылған жарысқа тараздық ұстаздар да қатысып, жүлделі бірінші орынмен оралды, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Спартакиада ойындарында ұстаздар волейбол, баскетбол және кіші футболдан өзара мықтыны анықтады. Республиканың барлық облыстарын қамтыған жарысқа 600-ге жуық ұстаз қатысты. Олардың басым бөлігі – дене шынықтыру пәнінің мұғалімдері. Кіші футболда ФИФА бекіткен халықаралық ережеге сай командалар жеребе тарту рәсімі арқылы анықталды.
– Жалпы жарысқа қатысушылар төрт топқа бөлінді. Біздің топта Алматы, Ақтөбе, Атырау құрамалары болды. Он төрт аймақтан келген үміткерлерден жартылай финалға төрт топ өтті. Онда Қостанайды 2:1 есебімен жеңіп, финалға жолдама алдық. Финалда Ақтөбе құрамасымен кездесіп, жеңіске жеттік. Сонымен қатар біздің жігіттер «Үздік ойыншы» мен «Үздік қақпашы» аталымдарына да ие болды, – деді қалалық №27 орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Дамир Маратұлы.
Кіші футбол қорытындысы бойынша бірінші орынды Тараз, екінші орынды Ақтөбе, ал үшінші орынды Қостанай құрамасы еншіледі.