Еркектер неге тоқал алуға құмар?

0 1 632

«Алаш айнасы» порталының «Отбасы — ошақ қасы» айдарынан өзімнің басымдағы жағдайға ұқсас оқиғаларды көріп, мен де өзімнің жан сырыммен бөліскенді жөн көрдім.

Жасырып қайтем соңғы кездері қоғамда жиі айтылатын тоқал тақырыбы әбден қажытты. Әсіресе бұл тақырып талқыға түскенде еркектер қауымының жаны кіретінін жиі байқаймын. Қонаққа барғанда болсын, әлеуметтік желіде болсын ер адамдар осы тақырыпты қызу қолдай кетеді. Осылайша бір бірінің қолтығына су бүркіп, жалпы қоғамның тоқал алуға деген оң көзқарасын қалыптастыруға тырысып жатқандай әсер етеді.

Анам «біреудің отымен кіріп, күлімен шығуға неге сонша асықтың» деп қанша тұрмыс құруыма кедергі жасауға тырысқанымен тыңдамадым. 19 жасымда тұңғыш ұлымды босандым. 1 курсты бітіргеніммен, келесі жылы академиялық демалыс алуға мәжбүр болдым. Артынша екінші ұлымды көтеріп қойғанымды білдім. Сонымен оқу жайына қалды. Жас болғандықтан ба, балаларымды да жиі ауыртып ала берген соң, оқуымды жалғастыру жайлы да көп бас қатыра қоймадым. Жас кезімде босанып алайын деп үсті-үстіне көтеріп жүріп, екі ұлдан соң, екі қызымызды өмірге әкелдім. Оның үстіне жолдасымның азды-көпті өз кәсібі бар еді. Керек-жараққа жұмсайтын ақшамды ай сайын беріп тұратын. Сондықтан ақшадан да таршылық көрмедім. Әлі де құдайға шүкір ішіп-жемнен, керек жарақтан таршылық көріп отырғанымыз жоқ. Есіктің алдында 4 пәтершіміз бар. Олардың ай сайынғы төлейтін пәтерақысын да өзім ұстаймын. Киім-кешек алам, бос уақытымда балаларымды қыдыртам, үлкендерін мектепке, кішілерін балабақшаға тасимын дегендей өмір өтіп жатыр. Бала өскен сайын өздеріне тән тәтті қылықтары, өз әурешіліктері болады екен. Былайша айтқанда, жұрттың алды да емес, соңы да емес, қоңыртөбел тіршілігіміз жалғасып жатыр.

Бірақ соңғы кездері күйеуімнің тоқал туралы жиі айтуы маған өмірге басқаша қарауға себеп бола бастағандай. Соңғы кездері жолдасым намаз оқи бастаған еді. Қалай намаз оқуды бастады, солай қасына намазхан жолдастарын жинап алды. Алғашында жолдасымның намаз оқи бастағанына қуанып едім. Иманы молайып, қыздарға көз салмайтын болды, жаман әдеттерден аулақ болады енді деп ойлағам. Бекер қуанған секілдімін. Күн өткен сайын жолдасымның тоқал жыры көбейіп барады. «Жер бетінде әйел көп, еркек аздықтан күйеу жетпей кәрі қыз атанып қалып кеткен қыздарды тоқал ретінде алудың сауабы мол екені жайлы, отырған кәрі қыздар амалы жоқтықтан нешетүрлі күнәға баратыны, зина жасайтыны» жайлы әңгімелерден шаршадым. Талай рет «солардың қамын сен ойламай-ақ қойшы, жахандық кәрі қыздар проблемасын шешу саған қалып па» деп те айтып көрдім, ұрыс та шығардым. Жасырып қайтем тоқалдардың мәселесі үйдегі балаларының анасының көңіл-күйінен, жарынан артық көрініп тұрғандай.

Шынымды айтсам он жыл бұрын осы үшін университетті тастап, осының жолында өзімді құрбан еткенім үшін өкініштен бармағымды тістеп жүрмін. Менің де өзіндік армандарым бар еді. Бірақ соның бәрін жолдасымды жақсы көргенім үшін, балаларым үшін құрбан еттім. Әрине соның бәрін бүгінгі күні жолдасым бағалап отырса, еш ренжімес едім. Алайда бүгінгі күні менің сол әрекетімнің бәрі бір тоқалдық та құны жоқ екеніне ішім удай ашиды. Кеше енді келіп ап, «бір жерде бір қыз бар жасы 27 де тоқалдыққа келісіп отыр, таныстырайын, бәрін келісіммен жасайық, өзің қасымда бірге жүріп сырға салсаң» дейді. Бұл не сұмдық құдай-ау. Мен бала туып бере алмасам дұрыс. Алтындай екі ұлымыз бен екі қызымыз өсіп келеді. Діни кітаптарды да ақтарып көрдім. Жұбайының денсаулығы жарамаған жағдайда, немесе бір перзентке зар болса тоқал алуына рұқсат деген. Ал мен әлі отызға да толғаным жоқ, құдайға шүкір денсаулығым жақсы, балаларымыз да бар. Тіпті тағы босанудан да тартынбаймын. Сырт көзге кісі қызығарлықтай өз өміріміз де бар. Сонда бұған не керек? «Қазақ байыса қатын алады» деген осы екен. Исламды тоқал алу деп түсінетін жігіттеріміздің көбейгеніне налимын. Бұрын намаз оқи бастағанына қуансам, қазір өкініп жүрмін. Намаз оқығалы тоқал алу туралы әңгімесі көбейген күйеуімнен суынып та кеттім. 10 жыл бойына қарнымның тоқтығына қуанып, балаларымның қылығына мәз болып жүре бергеніме ренжимін. Осы он жыл ішінде жолдасыма әбден сеніп, айтқанынан шықпай, тіпті оқуымды да жалғастырмай, не жұмыс істемей отыра берген тірлігіме күйіп жүрмін. Тоқалға қатысты соңғы ұрыста, ашықтан ашық «тоқал алған күні төрт баламмен ажырасатынымды» айттым. Бірақ төрт баланы қалай асыраймын? Өзім мектеп бітіргелі жұмыс істеп көргенім жоқ, не мамандығым жоқ. Осының бәрін ойлап қорқақтаймын. Бірақ тоқал алуға тағы көне алмаймын. Бұл анық. Сонда бір шаңырақты ортасына түсіріп, тоқал алудың несі сауап?

Шынымды айтсам қатты қажып кеттім. Тұрмысқа шыққанда қатты ренжіген анама мұны қалай айтам? Төрт баламен төркініме сыймаймын да ғой. «Еркекке сенгенше екі босағаңа сен» деген осы екен. Табасына қалармын деп достарыма да айта алмаймын. Іштен тынып әзер жүрмін. Бір рет тіпті өз-өзіме қол салуға да тырысып көрдім. Жеме жемге келгенде төрт баламды кімге сеніп қалдырам деп өзімді өзім тоқтаттым. Кейде түнімен ұйықтай алмай жылаймын. Қазір жолдасыма деген еш сезім қалмаған. Балаларым үшін өмір сүріп жүрмін. Айтыңыздаршы не істеуім керек? Басым қатты.

Ләйлә, Жаңаарқа қаласы

Leave A Reply

Your email address will not be published.