Ежелгі адамдар тісін қалай жуған?

0 24

Тіс пастасы мен щеткасының пайда болғанына 70-80 жылдың жүзі ғана болды. Соның арқасында тіс жуу әдетке айналды. Таңертең тұра салып, тіс жуамыз. Жатарда жуатындар тағы бар.

Тіс щеткасы алғаш 1700 жылдары жасалған. Уильямс Аддис есімді ағылшын азаматы түрмеде отырып, жануардың сүйегі мен қылынан тіс щетка жасап, кейін оны үлкен өндірістік тауарға айналдырады. Оны сатып алушылар да көп болған көрінеді. Кейін ХХ ғасырдың 40-жылдары қылдың орнына нейлон салынып, қазіргі тіс щетканың үлгісі пайда болды.

Соған қарағанда адамзат тісті жуып-тазалаудың аса маңызды екенін бұрында түсінген сыңайлы. Бұған археологиялық қазба жұмыстары дәлел.

Гиппократтың өзі тісті қалай жуып, қалай таза ұстаған дұрыс деген сауалға жауап беріп, нұсқаулық жазып кеткен екен. Медицинаның атасы тісті арнайы ұнтақпен жуу қажетін айтқан. Соған қарағанда тіс порошогі сол заманда-ақ болғанға ұқсайды.

Ал қытай мен мысыр жазбаларында «тісті аман сақтағыңыз келсе, жуып-тазалаңыз, тісжегіні құртыңыз» деген сыңайда кеңестер жазылған. Бұл мәдениеттің ежелгі өкілдері талдың тамырын шайнап, балықтың сүйегімен, кірпішкенің инесімен тіс шұқыған екен.

Ал қазіргі Араб түбегі мен Үндістан, Солтүстік Африка халықтары тісті ағаштың тамырымен тазалаған. Оны мисуак деп атайды. Бұл халықтар әлі күнге дейін тісті мисуакпен жуады.

Ақпарат дереккөзі:  massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.