Жыл сайын дүние жүзінде 5,5 триллион темекі өндіріледі. Жер шарындағы 187 елден алынған статистикаға қарағанда өткен ғасырдың 80-жылдары жаһандағы жалпы жұрттың басым бөлігі, шамамаен 721 миллион адам никотинге тәуелді болған. Бұл көрсеткіш осы ғасырдың басында адам саны екі есе өскенімен, керісінше темекіге деген әуестік төмендеген. 2012 жылғы есеп бойынша дүние жүзіндегі 7 миллиард адамның 1 миллиардқа жуығы ғана шылым шегеді. Қазір 10 ер азаматтың үшеуі ғана темекі тартса (31%), 20 әйелдің біреуі ғана «көк түтінге» (6%) тәуелді. Ал 1980 жылы 10 ер адамның төртеуі (41%) және 10 әйелдің біреуі (10%) темекі тартқан.
Темекі жапырағын орау үшін 1 сағатта 6 шақырым қағаз жұмсалады. 300 тал темекі дайындауға бір ағаш қажет.
Темекі өндірудегі ең маңызды өсімдік – темекі жапырағы тропиктік орманды аймақта өсіріледі. 1950 жылдары шағын аудандарда өсіре бастаған темекі сұраныс артқан сайын кең аумақтарды алып жатыр. Соның салдарынан үлкен ормандар адам баласының бірнеше минуттық рахаты үшін құрбан болады.
Танзанияның Табора ауылындағы жергілікті темекі фермерлері темекі үшін қалың ормандарды кесу көбейгенін растайды. Темекі салдарынан Азия мен Африка елдеріндегі ормандардың 5 пайызы жоғалады.
Ормандардың қысқаруымен жануарлар мен өсімдіктердің биоалуантүрлілігі жойылады, жаһандық температура көтеріле береді, темекі алқаптарында топырақ эрозиясы басталады.
Дайын темекіні бөлшек және көтерме саудада тасымалдау кезіндегі көлік жанармайының қоршаған ортаға тигізетін зиянын да ұмытпаған жөн.
Темекі өндіруден бастап сатуға дейін
Көптеген темекі шығаратын елдерде темекі жапырақтарын кептіру үшін ағаш отқа жағылады. Ал бұл түтін табиғи түрде атмосфераға көтеріліп, озон қабатын жемірілуіне әкеледі.
Сонымен қатар, темекі өсіру және жинау процесінде өте өткір инсектицидтер қолданылады, мысалы, aldiсarb деп аталатын зат. 1995 жылы темекі өндірісінде 2300 миллион килограмм қалдық пайда болды, оның 209 килограммы химиялық заттар. Химиялық заттар топырақты да, жануарлар мен өсімдіктер әлемін де бұзады.
Тағы бір жаман жері, өндірісте қолданылатын улы су не топыраққа, ал көп жағдайда өзендерге ағызылады.
Темекі және парниктік газдар
Темекі шегу адамның ағзасына зиян келтірумен ғана шектелмейді. Деректерге сүйенсек, әлемде темекі шегудің салдарынан жыл сайын атмосфераға 2,6 миллиард килограмм көмірқышқыл газы және 5,2 миллиард кило метан бөлінеді. 2014 жылы 6 триллион темекі өндіріліп, 84 миллион тоннаға жуық парниктік газ шығарылды. Бұл жалпы газдың 0,2 пайызын құрайды.
Әрбір шегілген темекі атмосфераға 1,39 грамм парниктік газ шығарады. 1 темекі өндіру 0,6 грамм парниктік газды тудырады.
2025 жылға қарай жыл сайын 9 триллион темекі тұтынылады деген болжам бар. Сондай-ақ, әлем халқының 1 миллиардтан астамы темекіге тәуелді екенін айта кеткен жөн. Ал оның 800 миллионы ер адамдар.
Шылым шегетін адамдардың 80 пайыздан астамы дамушы елдер азаматы. Қытай ең ірі темекі өндіруші және тұтынушы ел.
Шіріген қалдықтар мен өртеніп жатқан ормандар
Темекі қалдықтарының ыдырауына кемінде 10 жыл қажет. Темекі тұқылы целлюлоза ацетатынан жасалған. Шіріген кезде де құрамындағы улы заттар топырақты бұзады.
Екінші жағынан, темекі қалдықтарын кез келген жерге тастайтын адамдар бар. Осыған байланысты теңіз жағалауындағы жерлерде темекі қалдықтары көп. Мәліметтерге сүйенсек, 1980 жылдардан бері қалалық және жағалаудағы аудандарда жиналған қалдықтардың 30-40 пайызы темекі қалдықтарынан құралған.
Әлемдік мұхиттағы қоқыстардың басым бөлігі неден тұрады?
2008 жылы Халықаралық жағалауды тазарту ұйымы су мен жағажайлардан шамамен 3,2 миллион темекі тұқылын тазартқан.
Сонымен қатар, қалдықтар су фаунасы мен флорасына зиян келтіреді.
Темекінің зияны туралы айтқанда, өрт туралы да айту керек. Дүние жүзінде темекі қалдықтарынан туындаған сансыз орман өрттері бар. Ал осы өрттердің кесірінен жыл сайын 17 мыңға жуық адам қаза табады. Мүлік шығыны 27 миллиард доллардан асады.
Ақпарат дереккөзі: massaget.kz