Жалғыз (жалғасы)

0 440

Түгел қар аралас судан ағып жерге түскендей еді. Сөйтсе, өз орнында екен, жарықтық. Бейкүнә періштенің көзіндей жәудіреп, көкпеңбек болып тұр. Есесіне, жердің беті аппақ. Аппақ әлемге ноқаттай да мең қалмағандай. Жердің өзін тау-тасымен, орман тоғайымен, өзенімен, көлімен, таз-тақыр шөлімен қоса ақ қар көміп қалыпты. Сондықтан да Алла тағала, Жасаған Ием, Жаратқан Құдірет Жер әлеміне енді толғатып жатқандай әсер қалдырады. Сөйтсе, ол алғашқы көрініс екен. Кенет өлі тыныштықты дүр сілкіндіріп, дүрілдетіп, гүрілдетіп, аулақтан тікұшақтың сұлбасы көрінді.  Тау бөктеріне сұғына кіруден сескеніп, төскейді бойлап, ары-бері ойқастай берді. Бұл дыбысты тырп ете алмай қатып қалған Қара айғырдың бауырында тонға оранып жатқан Ержан бала анық есітті. Шынтақтарымен нығыздалған қарды түртініктеді. Әкесінің қара тонының арқасында үсіктен аман қалған бетін бірдеңе қарып түскендей болды. Сипалап қарап еді, үзеңгі темір сияқты көрінді. Үзеңгі екенін саусақтары сезбей, алақаны ғана байқағандай болды. Балаға ақыл-ес емес, түйсік басшы болып, шынтақтарымен қарды кеулеп, үзеңгіден айырылмай, ер-тоқымға жармасты. Тырмысып жатып ер-тоқымға ілігіп, ілгері қарай тағы да бір-екі ұмтылғанда, басы қардан қылтия шыға бергенде, аспан әлемі жарқ ете қалды. Тынысы кеңейіп сала берді. Енді-енді есі кіріп, санасы сауыққандай болғанда, әлгі аспаннан тырылдаған дыбыс естілгендей еді. Көптен бері тау бөктерінен бір қарайған белгі іздеп, аспанды шиырлап жүрген тікұшақ аппақ теңізден жалғыз ноқат қарайып көрінгенін байқап қалып, сол нүктеге қарай беттеді. Тіршілік деген шіркін жанталас. Бала байғұс аспанға қарай қолын ербеңдетті. Оқыстан айқай салып еді, өз даусын өзі естімеді. Ана құрсағынан жаңа шыққан нәресте де жарық дүниеге айқайлап келеді. Бірақ оны өзі түсініп, сезіп жатпайды ғой. Мынау да сондай. Бірақ тікұшақтағылар тісқаққан қақсалдар емес пе, баланың төбесінен төніп тұрып, есігінен салбыратып арқан саты тастады. Қонар еді, қона алмады. Өйткені қалың қарға батып қалады. Арқан сатыға баланың саусағы тигенімен бүгілуге илікпеді. Саусақтардан жан кетіп қалған екен. Тірі жанға өлмеуді өмір өзі үйрететін шығар, бала енді арқан сатыға екі шынтағымен асылды да, лезде бір шынтағымен шығара салып, тікұшақтағыларға төменде, өзі тұрған ер-тоқымды нұсқады.Ол енді: «Мына қардың астында әкем қалып бара жатыр! Оны да ала кетіңдер!» — деген шарасы еді. Бірақ тікұшақтағылар саңырау ма, әлде ымды түсінбей ме. Әйтеуір құлақ тұндырған гүріл-сарылдың арасынан: — Ұста! Ұста! — деген бұйрықтарын ұққандай болды да, екінші шынтағын да арқан-сатыға арта берді.

Тікұшақ ішіндегілер оны қақшып алып, арқан-сатыны жинап, есікті тарс жауып алып, аспанға көтеріле берді.

Арқада Мәди деген ардагер азамат өткен екен. Сарыағаштың курортында сол Мәди туралы Кәріпханға Нұрхан деген қарт кісі әңгіме айтып еді.

Нұрхан қарт өзі де сол Мәди туған Арқадан келген бұл курортқа. Қасында ұдайы қолынан жетектеп жүретін төрт-бес жастағы немересі Дәурен бар. Әңгіме Мәдидің жалғыздық туралы өлеңінен өрбіп кетіп еді-ау.

Санаторийдің таңғы шайын ішіп болғаннан кейін Нұрхан қарт Дәуренді жетектеп, бұйра таудың көлеңкесіндегі скамейкаға барып отырады. Өзімен дастархандас болған Кәріпханды қасына шақырып алады. Көп жасаған, көпті көрген қартың әр алуан әңгіменің сандығын ашып жіберіп, сампылдап сөйлеп, небір хикаяларға көшеді.

— Мынау менің үзілмеген үмітім, — дейді немересін басынан сипап отырып. — Біздің әулеттің жалғыз жалғасы. Ал бұл болмаса, біздің күніміз не болады? А? Не болады? Әулеттің нәзік жібі үзіледі ғой! Сондықтан мына менің кәрі жаным осының қас-қабағында.

— Мына мен, — дейді Нұрхан қарт, — бір әке, бір шешеден туған алтаудан қалған жалғызбын. Төртеуін отыз екінші жылғы ашаршылық жалмады. Біреуін гермен соғыс өлтірді. Алтаудан қалған жалғыз менен жалғыз ұл, үш қыз өрбіді. Сөйткен жалғыз ұлдан, міне, мына Дәурен батыр, — деп алып Нұрхан қартың жалғыз немересін бауырына басып, қысып-қысып, сүйіп-сүйіп алды.

— Е-е-е, хош деңіз, сөйтіп немереден бұл жалғыз. Келіні түскір бұдан кейін бала көтермей қойды.

— Дәурентайға інішек керек, Дәурентайға қарындас керек, деп ыңылдап, осы Дәуренді алдыма алып отырып, өлең айтқан боламын. Есі болса, келінім емеурінен түсінер деген далбасам ғой. Кеңсе қызметкері. Кесірлі. Ой-арманыңды емеурініңнен түсінетін келін қайда-а-а… баланы өзім бағып-қағамын. Құйрығына дейін өзім сүртіп, өзім шомылдырамын. Келінім:

— Ата, ата, — деген болады.
— Жолама деймін… Өзім-ақ, — деймін. Сөйтіп, жүргенде осы балам қатты ауырсын.

— А, Құдай, мұны да көп көрдің бе? — деп зарладым. Апармаған, көрсетпеген дәрігер, бақсы-балгер қалмады. Сөйтіп жүргенде алыс ағайын Сәрсеке дегеннің мешел шешесі Қамқа жарықтық:

— Әй, қайным-ау, неғып жүдеп кеткенсің, жалғыз немереңнің уайымы ғой. Алла жар болсын, қасқырдың сүйегін қайнатып, соның суына шомылдыр. Құдай сәтін салса, бала жүгіріп, ойнап кетеді, — деді жарықтық.

Қыстың күні ғой, қасқырды қайдан таптым. Сонай сілештінің бойында Моңғолдан көшіп келген аңшы бар деп естігем. Соған барайын.

— Осылай да осылай, қасқыр соғып алған екенсің, туысқан, соның сүйегін бер.

— Ойбу, ол қашан, қардың астында қалды ғой, — дейді әлгі. — Терісін сыпырып, өзін тастап кетіп ем…

— Көрсет маған қасқыр сойған жеріңді. Өзім аршып аламын, — деймін баяғы.

— Ойбу, отағасы-ай, ойлы-қырлы тау ғой, оның үстіне жерді қар басып қалды, дәл қай жер екенін қайдан білейін, — деп қипақтайды әлгі неме.

— Әй, түсінесің бе өзің? Жалғыз бала ғой, Жалғыз! Ол үшін мен Ереймен тауын түгел қопар десең де қопарамын. Өзіңде неше бала бар?

— Е, отағасы, бұйырғаны бар ғой, менікі емес, Құдайдікі — сегіз бала бар. Алды жиырма бесте. Кенжесі бесте.

— Әб-бәрекелді, азаматым! — дедім әрі таң қалып, әрі сүйсініп. Бірақ ішімнен: «Бәлем, қатының біздің келіндей ешкі тұяқ безер болса, көрер едім әуселеңді» — деп қоямын.

— Сонымен не керек, әлгі моңғолдан келген бауырым, Құдай тілеуіңді бергір, шанаға ат жегіп, оған кетпен, күрек тиеп, мені шоқитып қасына отырғызып алып, Ереймен тау, қайдасың деп қалың қармен сырғанап ала жөнелдік.

«Жерді қар басып қалды. Қасқырдың сүйегі қайда қалғанын білмеймін ғой», — дегені бекер екен, дәл үстінен, таудың жадағай шатқалынан тез тапты. Қарды күреп-күреп, киіз үйдің орнындай аршыған соң, аппақ қаңқа көрінді. Құзғын құстар сүйекті тазалап тастаған екен.

Қуанып кеттім. Қайтар жолда Сұлтанханның тазысы түлкі ұстап алсын. Сұлтекең:

«Мынау немереңе тымақ болсын» — деп қырмызыдай қызыл түлкіні менің алдыма тастай салды, — деп тоқтады Нұрхан қарт. «Шалым сәл-пәл бөсіңкіреп кеткен жоқ па?» — деймін ғой баяғы.

— Сонымен не керек, әлгі көк бөрінің сүйегінің сорпасына шомылдырғаным сол екен, сізге өтірік, маған шын, балам, сен көр, мен көр, құлан таза суығып, ойнақтап шыға келді, — деп әңгімесін аяқтап, Нұрхан қарт немересін бауырына басып, төбе шашынан құшырлана иіскеп-иіскеп алды.

* * *

Нұрхан қарттың осы әңгімесі екі жарым метр қар астынан айдаһардай ажалмен арпалысып, жанталасып жатқанда есіне түскеніне таң қалды. Менің жалғызым не болды екен? — деген сұрақ көкейінде кетті. Санасы әбден сөніп бара жатқанда да осы сұрақ көмескіленіп көкейінен шықпады.

* * *

Тікұшақ қайта айналып келіп, адамдар арқан-сатымен, мұз болып қатып қалған аттың үстімен қарды кеулеп, Кәріпханның серейген бөренедей денесін арқан-сатымен тікұшаққа тиеп жатқанда, тікұшақтың командирі Нұр-Ақанның есіне бұдан бес жүз жыл бұрын Әз Жәнібек ханның тұсында өмір сүрген қараүзген шипагер Өтейбойдақ бабамыздың таудың мәңгі мұздағында ер-тоқымымен бірге қатып қалған тұлпар туралы жазғаны есіне түсті. Егер мына қар екі күннен кейін жым-жылас еріп кетпей, мың жыл жатса, мың жылдан кейін мына Кәріпханды қайтадан тірілтіп алуға болар еді-ау деп ойлады.

Шерхан Мұртаза

Leave A Reply

Your email address will not be published.