Баланың тісі шықса…

0 20 853

Бала тісінің негізі құрсақта жатқанда қалана басталады. Бала туылғанда сүт тістері мен тұрақты тістерінің негізімен туылады. Бірақ әр балада тіс әртүрлі уақытта жарып шығады. Баланың тісі шығуы туралы не білуіміз керек?

Тіс қай уақыт аралығында шығады?

Сәби тісінің шығу уақыты 6 ай мен 2 жас аралығы болып саналады. Бірақ соңғы кездері сәбилерде тістің 4 ай мен 2,5 жас аралығында жарып шығуы байқалады. Сондықтан егер балаңыздың алғашқы тісі 5-6 айдан бұрын шықса, ол патология болып саналмайды. Сол секілді егер балаңыз 2-ге толғанда кей жерлерде жазатындай оның 22 тісі түгел болмаса, ол да патология болып есептелмейді. Себебі кей балалардың барлық тісі 2,5-3 жасқа дейін шығып бітеді. Бұл қалыпты жағдайға жатады. Ата-ана тек мына жағдайларда баланың тісіне мән беріп, тіс дәрігеріне көрсету керек:

— тістің пішінінің бұзылуы;

— тістің қалыпты емес жерде өсуі;

— тіс эмалінің түстік гаммасының өзгеруі;

Тіс жару кезіндегі алғашқы белгілер

Тіс көзге көрінгенге дейін әлдеқайда ерте шыға бастайды. Тіс қызыл иектің жұмсақ тінінен өте бастағандағы уақыт бала үшін ең ауыратын кезең болып табылады. Осы жағдай баланы ауыртады. Бала мазасыз бола түседі.

Егер тіс етіне қарасаңыз, ол қалыпты жағдайдан сәл үлкейе түседі және аздап қызарады. Бала қолына түскеннің бәрін аузына сала береді.

Тіс жарған кезде балада көп сілекей ағуы мүмкін. Бұл тіс етінің жұмсақ тінінің зақымдалуымен байланысты.

Аналардың көпшілігі балада тіс жару кезінде тұмау болатынын да айтады. Жұқпа әсерінен пайда болған тұмау мен тіс жару кезіндегі мұрыннан су ағуды айыра білу керек. Тіс жару кезінде мұрыннан түссіз сұйық су ағады, бұл кезде баланы дәрімен емдеудің қажеті жоқ. Бастысы, гигиенаны сақтап, мұрнын уақытылы дәкемен құрғатып отырыңыз.

Тіс жару кезінде температура болады, бірақ ереже бойынша сәбиде жоғары температура болмауы керек: ол 37,5-38 °C градустан аспайды.

Баланың тіс жаруы кезінде күнделіктіге қарағанда көбірек сілекей жұтатындықтан бала үлкен дәретке жиі бара түседі. Ол жағдайда бала емдеуді қажет етпейді. Бірақ егер бала үлкен дәретке күніне 5-6 реттен артық барса, баланы дәрігерге көрсету керек.

Дереккөз: massaget.kz

Leave A Reply

Your email address will not be published.