Аспан неге көк түсті? Бала кезде бұл сұрақ бәрімізді мазалағаны анық. Ежелгі заманда гректер аспан ерекше көгілдір түсті мөлдір таза шыныдан тұрады деп топшылаған. Ал орта ғасырда ғалымдар көк түс қара мен ақтың қосылуынан пайда болады деп ойлаған. Тек XVIII ғасырда Исаак Ньютон күн сәулесінің өте ұсақ су тамшыларына шағылысуынан аспанның көк түсті болатынын анықтады. Ал бұл сұрақтың соңғы әрі нақты жауабын ағылшын физигі тапты. 1899 жылы Джон Уильям Стретт аспанның түсі Күн сәулесі шығаратын толқынның ұзындығы мен атмосферадағы сәуленің шашылу қарқындылығына байланысты екенін дәлелдеді.
Неге аспан басқа түсті емес? Аспанның негізгі түсі көк деп саналғанымен, оның әртүрлі реңдерді беретінін жақсы білеміз, көріп те жүрміз. Кешкі уақытта раушан түсті, ал бұлтты күні тек сұрғылт болатынын байқауға болады. Сондай-ақ аспанның түсі Жердің қай бөлігінде жүргеніңізге байланысты.
Мысалы солтүстік аймақтарда күннің батар уақытта аспан сүттей аппақ түске, ал оңтүстікте жарық сарғыш түске боялады. Аспанның реңінің өзгеріп тұруын оңай түсіндіруге болады. Атмосферадағы су тамшыларына соқтығысатын Күн сәулесі ақ түсті келеді. Ал кемпірқосақтың барлық түсі ақ реңкте болатынын ескерсек, су тамшысына соқтығысқаннан соң сәулелер әр түрлі түске шашырайды. Бұлай болса, неге аспанның негізгі түсі көгілдір саналады?
Мәселе мынада: әр түстің толқын ұзындығы өзіне ғана тән. Толқынның таралу қарқындылығы жоғары болғандықтан көк не күлгін түстер пайда болады. Ал бұл екі түстің ортасы — көгілдірді береді. Неге аспан түрлі түсті емес? Кейде аспанның бірнеше түске бөлініп, көк-қызғылт түсті болатынын байқамыз. Әсіресе, мұндай сәт күн батарда жиі болады.
Күн батқанда сәулелер алыс қашықтықтан келетіндіктен оның қарқыны азайып, әлсірей түседі. Сол себепті қызыл не сарғыш түске боялады.
Дереккөз: massaget.kz