Төтенше жағдайлар министрлігі Өртке қарсы қызмет комитетінің төрағасы Нұрболат Дербісов еліміздегі білім беру нысандарындағы қауіпсіздікті тексеру нәтижесі жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Биыл 5 152 білім беру нысанына бару арқылы профилактикалық бақылау жүргізілді. Оның нәтижесі бойынша 5 151 білім беру объектісінде 49 424 өрт қауіпсіздігі талабын бұзу дерегі анықталды. Осы объектілерге кемшіліктерді жою туралы нұсқама берілді», — деді Н. Дербісов Мәжілісте мектепке дейінгі және орта білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік жүйелері тақырыбына арналған дөңгелек үстел отырысында.
Оның айтуынша, бұл ретте өртті автоматты түрде анықтау әрі хабарлау жүйелерінің болмауы немесе істен шығуы, электр қондырғыларын орнату қағидаларының орындалмауы, бастапқы өрт сөндіру құралдарының жеткіліксіз болуы, сондай-ақ эвакуация жолдарының тиісті деңгейде қамтамасыз етілмеуі секілді кемшіліктер анықталды.
Қазіргі кезде еліміз бойынша 55 жалпы білім беретін мектеп автоматты өрт дабылы жүйесімен қамтамасыз етілмеген.
«Жыл басынан бері білім беру объектілерінде 9 өрт болды. Өрт кезінде 8 оқиға бойынша автоматты өрт дабылы жүйесі іске қосылды және бір жағдайда жұмыс істемей тұрды», — деді комитет басшысы.
Бұдан бұрын хабарланғандай, 2020 жылмен салыстырғанда жедел басқару орталықтарына қосылған білім беру ұйымдарының саны 11 есеге (2020 ж. – 500, 2023 ж. – 5 588) артты.
Оқушылары көп және ірі қалаларда орналасқан білім беру ұйымдарында лицензияланған күзеттің қамтамасыз етілмеуі анықталды.