Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасының орындалуы және вакцинация жұмыстарының барысы қаралды, — деп жазады “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Күн тәртібіндегі алғашқы мәселе бойынша баяндама жасаған экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Гүлдана Жауынбекова ағымдағы жылы 515 маманға бір жолғы жәрдемақы төлеуге 150,5 миллион теңге қарастырылғанын айтты. Оның 127-сі денсаулық сақтау саласында, 215-і білім, 13-і әлеуметтік қамсыздандыру, 32-сі мәдениет, 32-сі спорт, 55-сі агроөнеркәсіп саласындағы жас мамандар болса, 41-і мемлекеттік қызметкерлер. Ағымдағы жылғы 1 қыркүйектегі жағдай бойынша 351 маманға 102,5 миллион теңге төленген. Ал, 192 маманға тұрғын үй сатып алуға немесе салуға жалпы 836,5 миллион теңге көлемінде несие берілген.
Сонымен қатар, Г.Жауынбекова «Дипломмен — ауылға!» бағдарламасына қатысушылардың берешектері туралы айта келе, 2019 жылдың 1 қыркүйектегі жағдаймен салыстырғанда борышкерлер саны 174 -ке азайғанын тілге тиек етті.
Әлеуметтік сала басшылары, аудан әкімдері кадрлар дайындау және жас мамандарды тарту жұмыстарындағы мәселелерге тоқталды.
— Бұл мәселелерді шешу үшін барлық басқармалар мен аудандар ішкі талдаулар жүргізуі тиіс. Бос орындар саны мен сол мамандықты бітіруші түлектерінің саны сәйкес келе ме? Білім басқармасы педагогикалық мамандықтағы студенттерге талдау жасап, олармен жұмыс жасау керек, олардың туған ауылдарында мұғалім тапшылығының бар-жоғын, жас мамандардың онда барып жұмыс істеуге деген құлшынысын анықтауы қажет. Түлектер оқу тәжірибесінен өздері оқыған мектептерде өткені дұрыс. Жастармен кездесулерде бұл тақырыптар жиі қозғалады, студенттер өз ауылдарына қайтуға дайын екендіктерін айтады. Тек, салалық басқарманың олармен жүйелі жұмыс жүргізгені маңызды, — деп тапсырды облыс әкімі.
Аймақ басшысы бұл ретте ауылшаруашылығы басқармасының да жұмысын сынға алды.
— Мен бұған дейін ауыл шаруашылығы басқармасына білім басқармасымен бірлесіп ара, балық, бау-бақша шаруашылықтарымен айналысатын мамандарды даярлау мәселесін шешуді тапсырған едім. Бұл бағыттарды дамыту қажет, бірақ маман тапшылығы сезілуде, — деді өңір басшысы.
Бердібек Сапарбаев өңірде білікті мамандарды даярлау үшін барлық мүмкіндіктің бар екенін, тек осы мәселені егжей-тегжейлі зерттеп, талдап, нақты шаралар қабылдау қажеттігін атап өтті.
Экономика және бюджеттік жоспарлау, құрылыс басқармаларына қалада жұмыс істеуге ниетті жас мамандар үшін тұрғын үй мәселесін шешу жолдарын қарастыру тапсырылды.
Басқосудағы екінші мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Алмас Мәдиев баяндама жасады.
Бердібек Сапарбаев кейбір аудандар мен облыс орталығында вакцинация көрсеткішінің төмендегенін атап өтті. Қалалық емханалар арасында вакцинация көрсеткіші бойынша «Darimed Medical Center» ЖШС, «Алмаз Медикал Групп» ЖШС, «Сауран медициналық орталығы» ЖШС артта қалып отыр.
— Неліктен бұл емханалар адамдардың денсаулығы мен қауіпсіздігі туралы ойламайды? Бізге халықтың коронавирусқа қарсы вакциналарға деген қажеттілігін барынша қамтамасыз ету және пандемияның таралуын тоқтату үшін аянбай жұмыс жасау керек, — деп түйіндеді аймақ басшысы.