Жамбылда су қоймаларындағы судың көлемін 80 пайызға жеткізу жоспарлануда

0 3

Жамбыл облысында жыл басынан бері аудандарда орналасқан су қоймаларындағы судың жиналу көлемі орта есеппен 39,34 %-ды құрап, 51,24 млн текше метр су жиналған. Алайда, бұл өткен жылмен салыстырғанда 25 %-ға төмен болып тұр. Себебі, биыл жауын-шашын аз түсуде және өңірдегі каналдардың жөндеу жұмыстарына әсерін тигізуде. Алайда, суару маусымында судың жиналуын 80%-ға дейін жеткізу жоспарланып отыр , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА.

Былтыр бұл су қоймаларына нақты 116 млн текше метр су жиналып, 8 278,8 гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жер сумен қамтамасыз етілген. Қазіргі уақытта су қоймаларына су толтыру жұмыстары жүргізілуде.

Жамбыл облысы әкімдігінің табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасына қарасты «Жамбыл су қоймалары» КММ-нің теңгеріміндегі 105 су қоймасының жалпы жобалық сыйымдылығы 132,45 млн текше метрді құрап отыр. Бүгінгі таңда, 105 су қойманың 35-і егін шаруашылығына пайдаланылса, 27-сі балық және егін шаруашылығына, 14-і балық шаруашылығына, 23-і өзектерді сумен қамтамасыз етуге, 1-еуі экологиялық мақсатқа пайдаланылуда.

Жалпы соңғы жылдары аймақта су тапшылығы қатты сезілуде. Өйткені, өңірдің су қорының 80 пайызға жуық көршілес Қырғыз Республикасына тәуелді. Сондықтан, облыс әкімінің тапсырмасымен былтыр ішкі резервтегі су көздерін толық пайдалану үшін 2021-2022 жылдарға арналған Жамбыл облысының су қоймалары мен тоғандарын қалпына келтіру және жаңадан соғу бойынша іс-шаралар жоспары қабылданды. Осыған сәйкес, облыс аумағында қалпына келтірілетін 10 су қоймасы мен бөгеттері және жаңадан салынатын 8 су қоймалары анықталды. Бұл жұмыстар біткен кезде болжаммен аймақта қосымша 10,65 млн текше метр су жиналып, 2 411 гектар суармалы жер алқабы айналымға қайта қосылады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.