Жамбыл облысында халықты газбен қамту деңгейі 89,5 пайызға жетеді

0 19

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте халықты таза ауыз сумен және табиғи газбен қамтамасыз ету мәселелері талқыланды , — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасының басшысы Құдайберген Қорғанбаев мемлекеттік бағдарламалар аясында өңірде атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар туралы баяндады.

Ағымдағы жылдың қорытындысы бойынша қала тұрғындарын орталықтандырылған ауыз сумен қамту деңгейі 91% (2022 жылға жоспар — 92,3 %), ауылдар тұрғындарын қамту көрсеткіші — 88,8 % (2022 жылға жоспар — 93,6%) құрады.

Биыл 31 сумен қамту жобасының құрылысына 13,5 млрд.теңге бөлінді. Бөлінген қаражат көлемі 2021 жылмен салыстырғанда 22,7% — ға артық. Облыс орталығының 6 тұрғын алабын (6,4 мың адам), 13 елді мекенді (33,5 мың адам) орталықтандырылған ауыз сумен қамту жоспарлануда.

2025 жылдың соңына дейін халықты 100% таза ауыз сумен қамту көзделген. Халық саны 200-ден аз 31 елді мекенде кешенді блок-модульдер орнатылады.

Сондай-ақ, ағымдағы жылдың соңына дейін газбен қамту деңгейі 88,6% — дан 89,5% — ға дейін артады. Биыл 17 елді мекендегі 11,3 мың адам табиғи газбен қамтылады.

— Ауылдық елді мекендерді таза ауыз сумен қамтамасыз ету жұмыстарын күшейту қажет. Ешқандай сылтаулар мен кедергілер қабылданбайды. Тиісті құжаттарды тез арада дайындау керек. Блок-модульдерді орнатуға қатысты мәселелер бар. Салалық басқарма барлығын мұқият зерделеуі тиіс. Ең бастысы,тұрғындардан ешқандай шағым болмауы қажет. Жобалық-сметалық құжаттаманы дайындау жұмыстарын жүйелендіретін уақыт келді, – деді облыс әкімі.

Аймақ басшысы жауаптыларға ауылдардағы әлеуметтік нысандарды газ жүйесіне қосу жөнінде нақты тапсырмалар жүктеді. Әсіресе, бұл Қордай және Т.Рысқұлов аудандарының әкімдеріне қатысты

– Газдандыруға қатысты Шу, Сарысу, Мойынқұм аудандарының әкімдері тиісті басқармамен бірлесіп жоспар-кесте жасауы қажет. Мойынқұмдықтарға биыл газ міндетті түрде жетеді деп уәде бердік. Және бұл уәдені орындауымыз керек. Ауылдарға тартылған газ әр үйге жетуі керек. Бұған энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы, аудан әкімдері жауапты, – деді аймақ басшысы.

Leave A Reply

Your email address will not be published.