Базарлардағы бей-берекетсіздікті ретке келтіру – басты талап. Бұл туралы Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кезекті кеңес барысында айрықша атап өтті , деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Аймақ басшысы базарларды жаңғырту, ондағы тазалық, санитарлық, өрт қауіпсіздігі талаптарының сақталуы, әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағасын тұрақтандыру бойынша бұған дейін берілген тапсырмалардың орындалу барысын сұрап, ол шаралардың маңыздылығына тоқталды.
Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Аспандияр Сейсебаев атқарылып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
— Облыста қазіргі уақытта әртүрлі бағытта қызмет жасайтын 41 базар бар.
Жүргізілген сауалнама нәтижесінде, тұрғындар негізінен тауарларды базарлардан сатып алатыны байқалады. Осы орайда, базарлардағы қызмет көрсету сервисі заманауи талаптарға сай болуын базар басшылары қамтамасыз етуі қажет.
Тараз қаласында орналасқан 17 базар иелерімен және мүдделі мекеме басшыларымен өткен жылдың осы уақытында базарларды қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру бойынша жол карталары бекітілген.
Содан бері 1 жыл өтті. Жол карталары шеңберінде Тараз қаласында орналасқан 17 базардың барлығы өрт қауіпсіздігі, санитарлық, және тағы басқа критерийлер бойынша модернизациядан өтіп, 9 базар заманауи талаптарға сәйкес құрылыс жұмыстарын атқаруы тиіс еді,-деген басқарма басшысы бірқатар кемшіліктерге тоқталды.
Оның айтуынша, құрылысы жүруі тиіс 9 базарда (Ысты, Нұралы, Дәулет, Салтанат, Жібек Жолы, Ауыл Береке, Якка Сарай, Береке, Арзан) бүгінгі күнге бекітілген жол картасындағы іс-шаралар өте баяу жүруде. Тек бесеуінде заманауи талаптарға сәйкес сауда нысанын құру жобасының үлгісі әзірленсе, оның 1-еуі (Нұралы базары) жауапты мемлекеттік органдармен әлікүнге дейін келісілмей отыр.
Облыстағы базарлар мен өзге де сауда нысандарын қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкестендіру жөніндегі жұмыс тобы Тараз қаласының сауда базарларындағы бүгінгі таңдағы ахуалының жай-күйіне мониторинг жүргізген. Нәтижесінде «Ауыл Береке», «Сұлтан» базарларында саудагерлердің біразы бақылау-кассалық аппараттарын қолданбайтындығы, яғни аппараттары болғанымен, сатып алушыларға төлем чегін берілмейтіндігі анықталған. Бұған қоса санитарлық-эпидемиологиялық нормалардың талаптары сақталмаған. Бұл мәселелер бойынша жұмыс тобының құрамындағы құзырлы органдардың қызметкерлері кәсіпкерлер мен базар басшылығына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, ескертулер берілген. Бүгінгі күні осы ескертулерге сәйкес жұмыстар атқарылуда.
Облыс әкімі аудандардағы базарлар, мал және көлік базарлардағы жағдайға да көңіл бөлді. Бүгінгідей күрделі кезеңде бағалардың өспеуі халық үшін маңызды екенін жеткізді.
— Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес әлеуметтік маңызы бар тауарлардың бағалары қатаң бақылауда болуы тиіс. Ешқандай сылтау қабылданбайды. Бізде бір-екі айға жететін азық-түлік қоры қалыптасқан.
Базарларды заманауи талаптарға сәйкестендіру жұмыстарын жеделдетіңіздер. Базарлардан түсетін салықтық түсім де көңіл көңшітпейді. Бұл орайда сатушылардың тіркеліп, заңды тұрғыда жұмыс істеуін назарға алыңыздар.
Ертең төтенше жағдай туындап, жұқпалы аурулар таралмасы үшін, базарларда барлық талап сақталуы керек. Бұл орайда анықталған кемшіліктер бойынша тек айыппұлмен шектелу нәтиже бермейді,-деді Б. Сапарбаев.
Басқосуда аймақ басшысы әлеуметтік дүкендердегі баға тұрақтылығын, онлайн сауданы дамыту, қашықтықтан тапсырыс беру үлесін арттыру, бей-берекетсіздік сауда орындарын жою секілді маңызды жайттарға айрықша тоқталды.
Бірқатар аудан әкімдері мен басқарма басшыларынан жауаптар алып, нақты тапсырмалар жүктеді.