Бердібек Сапарбаев Жамбыл облысын тұп-тура екі жыл екі ай басқарды. Бес облысты басқарып, кризис менеджер атанған әкім Бердібек Әулиеаталықтардың есінде несімен қалады? Екі жыл екі айда еткен еңбек, төккен терді термелеп көрсек.
Алдымен, Қордай оқиғасының салдарын жоюға басымдық берілді. Аудандағы 12 ауылға көгілдір отын жетті. Әлеуметтік нысандар жаңарды. 120 қордайлық отбасы қоныс тойын тойлады. Осы уақыт ішінде облыста да бірқатар оңды істер атқарылды. «Асарлатып үй салу» жобасы қарқын алды. Бұл бастама әр ауданда жалғасын тауып, бірнеше отбасы баспаналы болды. Екі жылда Таразда да бес жүзге жуық жанұя жаңа пәтерге қоныстанды. Әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға көмек көрсетілді. Облыс аумағында бірнеше спорттық нысандар, медициналық пункттер мен басқа да әлеуметтік нысандар пайдалануға берілді. Медицина жаңа жабдықтармен, реаномобильдермен толықты. Облыс орталығында «Анаға тағзым»орталығы, «Асыл Мирас» аутизм орталығы, «Үшбұлақ» жағалауы, «Денсаулық» саябағы, «Бизнеске арналған үкімет» орталығы, «Дұрыс тамақтану» орталығы ел игілігіне тапсырылды. Байзақ ауданындағы жарылыстан зардап шеккен 75 нысан қайта қалпына келтірілді. 16 шақырымдық айналма жол, «Меркі- Шу-Бурылбайтал» бағытының бір бөлігінде қозғалыс ашылды. Тараздағы теміржол вокзалы жаңа келбетке ин болды.
«Бейбітшілік пен келісім», «Таразға тарту», «Ауыл-ел бесігі», «Мейірім» жобалары жүзеге асырылды. «Мейірім» жобасы аясында Бердібек Сапарбаев 13 жастағы жетім баланы қамқорлығына алды. Екі жыл, екі ай ішінде елді елең еткізіп, желіні шулатқан түрлі оқиғалар да орын алды. Қордайдағы қақтығыс, Байзақтағы жарылыс, еденге құлаған елтаңба, есік алдындағы иттің шуы да ел есінде қалды. Осылай, Жамбыл облысын басқарған тоғызыншы әкімнің де ел үшін еткен еңбегі мен елең еткізген оқиғалары өткен шақтың еншісіне айналды.