Құрал-жабдығы жоқ көліктік бақылау органының инспекторлары 2 млн теңгеден астам айыппұлды салмаған

0 21

Жамбыл облысында навигациялық кезең әр жылдың 15 сәуірінен 15 қарашасына дейінгі мерзім, яғни 210 күнді құрайды. Ал, Инспекцияның бақылау іс-шаралары тек жазғы кезеңде (45 күн) жүзеге асырылып келген.

Заңбұзушылықтарды Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс — қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті облыстық көліктік бақылау инспекциясының қызметіндегі сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізген сыртқы талдау барысында анықтады.

«Жамбыл облысында 85 су айдыны бар және оларда азаматтар заңсыз балық аулау немесе браконьерлікпен айналысу тәрізді бұзушылықтар жиі кездеседі. Алайда, талдаудың қортындысы бойынша су көлігі саласындағы бақылау іс-шаралары тиісінше жүзеге асырылмайды деген қорытынды жасауға болады. Мәселен, су көлігін инспекциялайтын қызметкердің материалдық жабдықталуы (мемлекеттік тіркеуге жататын салмағы 200 кг асатын шағын көлемді кемелерді өлшейтін таразы, арнайы жұмыс киімі, бейнежетон) болмауының салдарынан кемелерді ұстау, оларды қозғалысына тыйым салуға, сондай-ақ, тиісті куәлігі жоқ адамдарды кемені басқаруға жіберу, заңнамада белгіленген тәртіппен тіркелмеген немесе техникалық байқаудан өтпеген шағын көлемді кемелерді жүзуге шығаруға тыйым салу сияқты негізгі бұзушылықтар анықталмаған», — Даурен Омаров, Жамбыл облысының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басқарма басшысы.

Бұдан бөлек, инспекция қызметкерлерінің өз функционалдық міндеттерін тиісінше орындамауының салдарынан тек 2021 жылы инспекция қызметкерлері тарапынан ҚР ӘҚБтК-нің 571-бабының 9-бөлігі және 571-1-баптарымен 34 әкімшілік материал бойынша әкімшілік жауаптылыққа тарту туралы шаралар қабылдамай, 2 246 090 теңгеге айыппұл салмағаны белгілі болған.
Талдау нәтижесінде, Департаменттің ұсынысы негізінде Жамбыл облысы бойынша Көліктік бақылау инспекциясының басшысы Д.Кемелов және 3 қызметкері мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылық жасағаны үшін қызметіне толық сәйкестігі еместігі туралы ескеру түріндегі тәртіптік жауапкершілікке тартылған.

Leave A Reply

Your email address will not be published.