«Жамбыл облысы тұрғындарының табысын жақсарту» жобасының тиімділігін жуалылықтар да көре бастады. Бүгінгі таңда жобаға енген Ақтөбе ауылдық округінде 110 отбасы 2,5 пайыздық жеңілдетілген несиеге қол жеткізсе, 28 адам төрт-түлік мал сатып алған, — деп хабарлайды «ZhambylNews» Ақпараттық Агенттігі.
Тек Жамбыл облысында жүзеге асып жатқан бұл жобаға 11 ауылдық округ таңдалған болатын. Бүгінде олардың қай-қайсысында да қайнаған тірлік. Бірі мал сатып алып жатса, енді бір отбасының шағын жобалары қолдау табуда. Жылыжай салып тұрмысын түзеуге ниеттенгендер де жетерлік.
Жуалы ауданынан жобаға кірген Ақтөбе округінде 494 түтін бар. 2603 тұрғыны бар елді мекендегі 444 ауланың іргесіндегі жерін тиімді пайдалану үшін картоп, қызанақ, қырыққабат егу жоспарланған. Бүгінде тұқым алу үшін арнайы келісім шарт та жасалыпты.
Ал екінші бағыт бойынша 3169 бас төрт түлік сатып алынады. Қазір 196 өтінім түссе, шағын жобаларды қаржыландыруға 5 өтінім қабылданыпты.
Тиімді әрі бірегей жобаның игілігін көріп жатқандардың бірі- Қанат Төлегенов. 3 360 мың теңге қаражат алған ауыл тұрғыны бүгінде қой мен жылқы алдым,- дейді.
— Бұл жоба біз сияқты қарапайым жандарға үлкен көмек болуда. Әр отбасының кәсіппен айналысуына мүмкіндік жасалып жатыр.Өзім берілген қаржатқа 50 қой, 2 жылқы сатып алдым. Кішкентай кезімнен қой баққанмын,- дейді Қанат Төлегенов.
Бүгінде оның сатып алған қойлары төлдей бастапты. Ал жылқыны көлік ретінде пайдаланбақ ниетте.
Осылайша ауыл тұрғындары жаңа жобаның арқасында табысын арттырып, тұрмысын тіктемекші.