Бердібек Сапарбаев облыстық мәслихаттың кезектен тыс сессиясына қатысты

0 2

Өңір басшысы Бердібек Сапарбаев алтыншы шақырылған облыстық мәслихаттың кезектен тыс, қырық үшінші сессиясына қатысты, — деп хабарлайды «ZhambylNews» АА облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Депутаттар бірқатар ұйымдастыру мәселелерді қарады. Соның ішінде кейбір комиссиялардың, штабтар мен кеңестердің құрамына өзгерістер мен толықтырулар енгізілді.

Бұдан соң аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев депутаттарға өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуы бойынша жоспарлы шаралар туралы қысқаша баяндады.

Сондай-ақ, жиында бүгінгі таңда Қордай ауданындағы жағдайдың тұрақтылығы айтылды. Аудандағы мектеп, балабақша, емханалар және басқа да әлеуметтік нысандар штаттық режимде өз жұмыстарын жалғастыруда. Адамдар үйлеріне оралып, зардап шеккендер ауруханадан шығарылды.

Б. Сапарбаев білім беру сапасын арттыруға, жас ұрпақты ұлттық дәстүрлер рухында тәрбиелеуге, тәртіпті нығайтуға ерекше назар аудару керектігін жеткізді. Жастардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру үшін мәдени-бұқаралық іс-шаралар өткізу, спорттық нысандарды барынша пайдалану, облыстық филармония әртістері концерттік бағдарламалармен ауылдарға шығып отырудың маңыздылығын тілге тиек етті.

Инвестиция – экономиканың дамуының негізі. Осы орайда облыс әкімі халық қалаулыларына ресей, түрік, қытай және басқа да елдердің инвесторларымен кездесулер өткізудің маңыздылығына тоқталды. Аймақ экономикасына қаражат салып, кәсіпорындар ашып, жаңа жұмыс орындарын құруға ниеттілерге қолайлы бизнес-ахуал жасау қажеттігін атап өтті.

— Биліктің барлық тармақтарының басты міндеті – қарапайым тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мен қолайлы жағдай жасау, — деп түйіндеді өз сөзін Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.