COVID-19 пандемиясымен күресіп жатқан жамбылдықтарға қамқор жерлестері көмек қолын созуда. Бүгінде аймақтағы 40-қа жуық кәсіпкер азаматтар мұқтаж жандар үшін оттегі концентраттары мен дәрі –дәрмек сатып әпкеріп, көмек қолын созуда, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.
Мәселен, «Көкжиек-2030» ЖШС басшысы Әбдіқали Бегембетов облыстың медициналық мекемелеріне 10 жаңа оттегі концентратын тарту етті. Оттегі концентраттарының бесеуі Жамбыл облыстық көпсалалы ауруханасына, қалған бесеуі Жуалы, Жамбыл, Талас, Байзақ және Тұрар Рысқұлов аудандарының орталық ауруханаларына жіберілді. Кәсіпкерлер қазір адамның денсаулығынан маңызды ешнәрсе жоқ екендігін айтады.
— Ауру ешкімді аяп жатқан жоқ. Мұндай жағдайға бәріміз тап болуымыз мүмкін. Кез-келген отбасында ауырып жатқан адамды кездестіруге болады. Өкінішке орай, кейбірі тіпті ажал құшуда. Бір біріге отырып қана бұл ауруды жеңіп, талайды дерттен аман алып қала аламыз, — дейді А. Бегембетов.
Оттегі концентраторы – қоршаған ортадан оттегі молекулаларын бөліп шығару, пациентке атмосфералық ауаға қарағанда жоғары концентрацияда беруге арналған аппарат. Он құрылғы жоғары өнімділікті және минутына бес литрге дейін оттегі жеткізуге мүмкіндік бермек. Бір құрылғының құны 500 мың теңгеден асады.
Ал ,«Talas Investment Company» ЖШС бас директоры Бахтияр Алдашов 100 млн теңгені «Біз біргеміз» қорына аударды.
Жамбыл облыстық Іскер әйелдер қауымдастығы инфекциялық ауруханадағы дәрігерлер, медбикелер мен санитарларға 100 адамға күнделікті түскі ас жеткізіп, өкпеге ауа беру аппаратының 12 данасына, «Тараз» футбол клубы 5 данасына тапсырыс берді.
Шалғайда орналасқан « Алтыналмас» АҚ 25 млн теңгеге Мойынқұм ауданы Ақбақай ауылының тұрғындарына азық-түлік, дәрі-дәрмектер, «Golden Compas Jambyl» ЖШС 24 млн теңгеге Меркі, Т.Рысқұлов аудандарына 2 аппарат, «Еврохим удобрение» ЖШС Жаңатас қаласы ауруханасына 22 млн теңгеге 1 аппарат, қажетті медициналық құрал-жабдықтар, «Тараз металлургиялық зауыты» ЖШС 20 млн теңгеге дәрі-дәрмектер мен қажетті құрал-жабдықтар сатып алды.
Облыстық маслихатының депутаты Ғ.Сағынтаев 9 млн теңгеге 15 концентратор аппаратын сатып алып, облыстық инфекциялық және аудандық ауруханаларға берсе, «Altais Group» ЖШС басшысы Әлімбек Жұмабаев 15,5 млн теңгеге 16 палатағы оттегі трубкаларын жүргізді, концентратор аппараттарын, орталық мешіт арқылы тұрмысы төмен отбасыларына дәрі-дәрмектер таратты.