Облыс әкімі қор басшыларымен қайырымдылық шараларын дамыту мәселелерін талқылады

0 3

Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаев республикалық қайырымдылық қоғамдық бірлестіктерінің басшыларымен онлайн-кездесу өткізіп, оларды  әлеуметтік маңызды мәселелерді тиімді шешу үшін тығыз және нәтижелі ынтымақтастықта әрекет етуге шақырды, деп хабарлайды “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Бердібек Сапарбаев Тәуелсіздік жылдары ҮЕҰ жергілікті атқарушы органдармен сындарлы диалог тәжірибесін жинақтап, қиындықтарды бірге еңсеріп келе жатқанын атап өтті. Бұл жолда күш-жігері пен уақыттарын сарп етіп, аянбай  тер төгіп жүрген оларға алғысын білдірді.

Үкіметтік емес ұйымдар – халық пен мемлекет арасындағы берік біріктіруші буын болып табылады. Қоғам белсенділер бізге кездесетін кедергілерді анықтауға, қателіктерді жоюға көмектесуде. Сондай-ақ, әлеуметтік жобалар табысты іске асырылуда, әлеуметтік міндеттер шешілуде. Азаматтық сектормен өзара іс — қимылды одан әрі дамыту қажет, — деді облыс әкімі.

Кездесуге қатысушылар азаматтық бастамалар мемлекет тарапынан қолдау тауып отырғандығын жеткізді.

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы қорының бастамасымен іске асырылған «Қамқорлық» ерекше қажеттіліктері бар балаларға көмек көрсету жобасына сәйкес Тараз қаласындағы облыстық көпбейінді балалар ауруханасы мен №9 және №35 орта мектептерде инклюзияны қолдау кабинеттері салынуда.

«Қасиетті жол» қорының тең құрылтайшысы Динара Закиева жобаның екінші кезеңіне дайындық барысы туралы баяндады, оның аясында ауылдарда оңалту орталықтары салынбақ. Аймақ басшысы игі істен Жамбыл облысы да шет қалмайтындығына сендірді.

«DARA» қайырымдылық қорының жоба жетекшісі Марал Шешембекованың айтуынша, қор мен облыстық білім басқармасы арасында жүйелі жұмыс жолға қойылған.

— Қордың негізгі қызметі жетім балалар мен ерекше білім беруді қажет ететін балалардың тұрмыстық жағдайын жақсартуға бағытталған,-дейді Марал Шешембекова.

«DARA» қайырымдылық қоры мен «Samruk—Kazyna Trust» әлеуметтік жобаларды дамыту қорының қолдауымен №20 орта мектебдегі психологиялық-педагогикалық түзету орталығы ашылды. Орталықта бірқатар мамандармен, атап айтсақ тифлопедагог, логопед, дефектолог, психолог, хореограф, емдік дене шынықтыру маманы, сурдопедагог, әлеуметтік педагогтармен кешенді көмек көрсетіледі.

Ағымдағы жылы Таразда «DARA» қорының көмегімен ашық ауада инклюзивті балалар ойын алаңы орнатылды. Қордай ауданында жұмыс істеп тұрған психологиялық-педагогикалық түзету орталығын қазіргі заманғы жабдықтармен жарақтандыру жоспарлануда. Оның филиалдары Масаншы және Сортөбе ауылдарындағы орта мектептер базасында ашылады, сондай-ақ Қордай ауылында инклюзивті білім беру ресурстық орталығы іске қосылады. Қор кабинеттерді қажетті жабдықтармен қамтамасыз етіп, оқу материалдарын сатып алуға және мамандар даярлауға қол ұшын созбақ.

«Сәби» қайырымдылық қорының президенті Әсел Тасмағамбетова біздің облыста ерекше қажеттілігі бар балаларға арналған спорттық ойын алаңын салуға ниетті екендігін жеткізді.

Айта кету керек, Болат Өтемұратов Қорының арқасында жақын арада Таразда аутизммен ауыратын балаларға арналған «Асыл Мирас» психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті ашылады деп күтілуде.

Ал, «ASYL ADAM» қорының негізгі мақсаттары мен міндеттері көп балалы, аз қамтылған және жас отбасыларды тұрақты тұрғын үймен қамтамасыз ету, аз қамтылған отбасыларға жеке бизнесін бастауға және дамытуға көмектесу, жұмыс орындарын құру болып табылады.

Қор президенті Көңілбай Шүкенов жергілікті атқарушы органдарға өңірдегі тұрғын үй мәселесін бірлесіп шешуді ұсынды.

Бұл жоба сөзсіз қолдау табады. Жаңа үйлердің кілттерін көмекке шынайы мұқтаж адамдардың алуы аса маңызды. Қажеттілік пен масылдықты шатастырмаңыздар, — деді облыс әкімі.

«Бауыржан», «BI-Жұлдызай» қайырымдылық қорларының өкілдері де өз ұсыныстары мен пікірлерін ортаға салды.

Облыс әкімі жиынға қатысқан облыс әкімдігі басқармаларының басшыларына қорлармен тығыз жұмыс істеуді, жобаларды әзірлеумен айналысуды тапсырды.

Біздің бүгінгі кездесуіміз үкіметтік емес ұйымдармен қарым-қатынасты дамытудың маңызды қадамы болуы тиіс. Жоғарыда айтылған барлық ұсыныстар бос сөз болып қалмай, жақын арада жүзеге асырылуы қажет, — деді облыс әкімі.

Кездесу соңында қоғам белсенділері бірлескен күш-жігердің арқасында ғана азаматтық қоғамның дамуына жағдай жасап, оң нәтижелерге қол жеткізуге болатындығына сенім білдірді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.