Бүгін «Халық Қаhарманы» мойынқұмдық жерлесіміз Қайрат Ноғайбекұлы Рысқұлбековтың туғанына 55 жыл толды. Міне осыған орай аудан әкімдігінің ұйымдастыруымен Мойынқұм ауылындағы Қ.Рысқұлбеков атындағы саябақтағы батырдың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, «Халық Қаhарманын» еске алуға арналған жиын өтті.
Жиын басы 1 минут үнсіздікпен басталып, одан кейін аудан әкімі М.Мұсаев сөз сөйлеп, қазақтың Қайсар Ұлы Қ.Рысқұлбековтың өмірбаянына тоқталып, аудан халқына өзінің ізгі ниетін білдірді. Ауданнан 1986 жылғы желтоқсан оқиғасына қатысушы Н.Сәденов сөз кезегінде мұндай батырларды еске алуға арналған шаралардың өткізілуі өте орынды екенін, тарихты білу әсіресе өскелең ұрпаққа сабақ екенін айтып, ұйымдастырушыларға алғысын білдірді. Келесі кезекте Қ.Рысқұлбеков атындағы тірек мектебінің оқушыларының әдеби монтажына кезек берілді. Жиын соңы Қ.Рысқұлбековтың және желтоқсан оқиғасында өмірден ерте озған боздақтар рухына арнап Мойынқұм ауданы орталық мешітінің бас имамы Р.Еспенбетов құран бағыштады. Жиынға аудандық мәслихат хатшысы Б.Қалымбетов, қоғамдық кеңес төрағасы Б.Сатыбалдиев, ауданның зиялы қауым өкілдері, мекеме басшылары мен бөлім басшылары және желтоқсан оқиғасына қатысушылар Л.Қожагелдиева, З.Мүлкібаева, Ш.Қожабекова қатысты.