Бүгін «Facebook» әлеуметтік желісінде Тараз қалалық мәслихатының депутаты, қазір облыс орталығындағы жұқпалы аурулар ауруханасында ем алып жатқан Эльмира Мырза-Ғали аталған ғимараттың суықтығына және ыстық судың қалыпты деңгейде берілумеуіне шағымданған болатын. Аталған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевтың тапсырмасымен арнайы комиссия құрылды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Мәселенің мән-жайын зерделеу үшін құрамында қоғамдық бақылау және мониторинг тобының Жамбыл облысы бойынша үйлестірушісі мен БАҚ өкілдері бар комиссия мүшелері аталған нысанды аралап, жылу жүйесі мен қазандығының жағдайымен танысты. Белгілі болғандай, бүгін таңғы сағат 6-30 бен 7-лер шамасында жылу беру қазандығынан ақау шығып, жылу температурасының төмендегені анықталды. Орын алған жағдай жауапты қызметкерлердің көмегімен 1,5 сағат ішінде қалпына келтірілді.
Арнайы қорғаныш костюмдерін киіп, палаталарды аралаған комиссия мүшелері емделушілермен әңгімелесті. Олардың сөзінше, палаталардағы жағдай тұрақты, температура қалыпты деңгейде.