Жергілікті тауар өндірушілерді қолдау қажет — облыс әкімі

0 14

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кезекті кеңесте мемлекеттік сатып алудағы қазақстандық қамтудың үлесін арттыру мәселесі сараланды, — деп жазады “ZhambylNews” ақпарат агенттігі облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы мемлекеттік органдардың отандық тауарлар мен қызметтерді сатып алуға қаражаттың ең аз бөлігін  жұмсайтынын баса айтқан болатын. Осыны негізге алған облыс әкімі отандық, оның ішінде жергілікті жердегі тауар өндірушілерді қолдау қажеттілігіне айрықша тоқталды.

Басқосуда күн тәртібіндегі мәселе бойынша облыстық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының директоры Еркін Атымтаев баяндама жасады.

Оның айтуынша, қазіргі таңда өңірлік деңгейде жергілікті қамту үлесін арттыру бойынша облыстық комиссия жұмыс істеуде. Жыл басынан бері комиссияның 9 отырысы өтіп, облыстық басқармалар мен Тараз қаласы және аудандарға жұмысты тиісті деңгейде үйлестіру және уақытылы ақпаратты ұсыну туралы бір қатар тапсырмалар жүктелген.

— Бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің ұсынған есептеріне сәйкес, «Қарапайым заттар экономикасы» салаларына жататын өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша жергілікті қамту үлесін арттыруға мониторинг жүргізілді. Оған «Құрылыс-монтаж жұмыстары» және «Жұмыспен қамту жол картасы» жобалары бойынша сатып алынған құрылыс материалдарының есептілігі де қосылды. «Қарапайым заттар экономикасы» салаларына жататын өнеркәсіптің 8 бағыты бойынша жергілікті тауарларды сатып алу үлесі 41,8 пайызды құрайды,-деді басқарма басшысы.

Мемлекеттік сатып алудағы өзекті мәселелердің бірі –тапсырыс берушілердің бір көзден тікелей келісім шарт орнатып, СТ-КЗ сертификаты жоқ жеткізушілермен жұмыс жүргізуі болып табылады. Өз кезегінде бұл жергілікті қамту үлесінің көрсеткішінің төмендеуіне әкеліп соғуда.

Осы орайда аталған басқарма басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілері міндетті түрде мемлекеттік сатып алу кезінде алдын ала іріктеу конкурсы арқылы жарияланғанын қадағалау маңыздылығын жеткізді.

Сондай-ақ, жиында құрылыс басқармасының басшысы Ерлан Орынбаев сөз алып, құрылыс-монтаж жұмыстарындағы қазақстандық қамтудың жай-күйіне тоқталды.

Облыс әкімі тиісті есептерді мерзімінде ұсынбаған басқармалар мен аудандардың жауаптарын тыңдады.

— Жергілікті қамту мәселесінде әлі де болса жүйелі жұмыс жоқ. Басқармалар бір-біріне сілтеп, нақты іспен ешқайсысы айналысқысы келмейді. Әрбір құрылыс нысаны назарға алынуы тиіс. Олар қажетті материалдарды қайдан жеткізіп отыр? Бұл туралы конкурстың ереже-талаптарына енгізу керектігін бұған дейін де айтқан болатынмын. Егер өңірімізде өндірілетін өнім болса, онда өз тауарларымызды алуға көңіл бөлгеніміз абзал. Жергілікті тауарлардың үлесін көбейту жолында жұмыс жасауға тиіспіз,-деді аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев.

Leave A Reply

Your email address will not be published.