Жамбыл облысы әкімдігінде бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды

0 5

Жамбыл облысы әкімдігінде бірқатар кадрлық өзгерістер орын алды, — деп хабарлайды “ZhambylNews” AA облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің келісімімен Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Рүстем Дәулет Жамбыл облысы әкімінің орынбасары болып тағайындалды.

Рүстем Рысбайұлы Дәулет 1974 жылы Жамбыл облысында туған, білімі жоғары.

Еңбек жолын 1994 жылы «Бостандық» акционерлік қоғамының жұмысшысы болып бастаған. Осы жылдар ішінде Талас ауданы Бостандық ауылдық округінің әкімінің орынбасары, әкімі, Қаратау қаласы әкімінің орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты аппаратының кеңесшісі, Қазақстан Республикасы Индустрия және сауда министрлігінің Сауда комитетінің басқарма басшысы, «АЛИТ» ЖШС бас директорының орынбасары, Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты Төрағасы орынбасарының көмекшісі, Жамбыл ауданы әкімінің орынбасары, Жамбыл және Шу аудандарының әкімі, Тараз қаласының әкімі, Жамбыл облысы әкімінің кеңесшісі, Жамбыл облысы әкімінің аппарат басшысықызметтерін атқарды, 2020 жылдың ақпан айынан бастап Қордай ауданының әкімі қызметін атқарған.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен ҚР Президенті Әкімшілігі және облыстық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Мәден Мұсаев Қордай ауданының әкімі болып тағайындалды.

Мәден Тоқтарбайұлы Мұсаев 1963 жылы туған, білімі жоғары.

Еңбек жолын 1989 жылы «Ленин жолы» кеңшарында мал дәрігері болып бастаған. Содан кейін Қордай ауданында әртүрлі қызметтерді атқарған. 2004 — 2008 жылдары — Шу ауданы әкімінің орынбасары. 2008 — 2010 жылдары Мойынқұм ауданы әкімдігін басқарды, 2010 — 2015 жылдары — Алматы облысы Іле ауданы әкімінің орынбасары, 2015 — 2017 жылдары — Жамбыл ауданының әкімі, 2017-2018 жылдары — Жамбыл облысы әкімінің орынбасары қызметтерін атқарды, 2018 жылдың қазан айынан бастап Мойынқұм ауданының әкімі болып жұмыс істеді.

Жамбыл облысы әкімінің өкімімен Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі және облыстық мәслихат депутаттарының келісімі бойынша Әлихан Балқыбеков Мойынқұм ауданының әкімі болып тағайындалды.

Әлихан Әбіләшұлы Балқыбеков 1964 жылы Жамбыл облысында туған, білімі жоғары.

Еңбек жолын 1988 жылы Целиноград барлау экспедициясында гидрогеолог болып бастаған. Кейін әр жылдары Мойынқұм және Шу аудандары әкімінің аппаратында түрлі қызмет атқарған.

2013 жылдан бастап Шу ауданы әкімінің орынбасары болып жұмыс істеген.

Аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің тағайындалған орынбасары мен аудандардың жаңа басшыларына облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуы, заңдылық пен құқықтық тәртіпті сақтау, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайту бойынша бірқатар міндеттерді жүктеді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.