Шыңғыс Айтматовтың Бүбүсара Бейшеналиева жайында естелігі

0 72

Әркім өзінің өмір жолында бұйырған адамына жолығады. Қазірде естелікке айналса да, ойыңа түскенде, көкірегіңді шым еткізетін қимас сәттер біздің бастан да өткен. Жасыратыны жоқ, талай қызбен танысқан болармыз. Ең бір тәтті сөздерді тізбелеп хат жазған, хат алған күндер де бастан өтті. Бірақ бәрі жанды да, өшті. Олар маған пәлендей әсер ете алған жоқ. Солардың ішінде жанымен де, тәнімен де, бүкіл бітім-болмысымен еркімді билеген бір сәулелі махаббат есімде қалып қойды. Кездейсоқ табыстық…

Сол кездейсоқтық мен үшін барша мақсаттан да биік, жоғары еді. Ол – қырғыз өнерінің маңдайына біткен атақты бишісі Бүбүсара Бейшеналиева болатын!
Әлі күнге түсіме еніп, елесімен жебейтін, көңілімді еліктіріп, өткен күндерге қиялмен болса да оралтатын сол қымбат бейнемен қалай кездескенім қазірге дейін көз алдымда.
50-жылдардың соңы. Мәскеуде оқу бітіріп, шығармаларым орталық баспасөзде жарияланып, ел аузына ілінген шағым. Балтық флотында әскери қызмет етіп жүрген қырғыз жігіттеріне шефтік көмек көрсетейік деген оймен делегация жасақталды. Фрунзе қалалық партия комитетінің сол кездегі бірінші хатшысы Тұрдахун Усубалиев шақырып алып, делегацияның құрамымен бірге Ленинградқа жүр, теңізшілерге сый-сияпатымызды көрсетіп қайтайық деген соң, қоса аттанып кеттім.

Қырғыздың «Шолпон» деген классикалық балеті бар еді. Біздің алдымызда олардың да Балтық бойына сапар шегіп, Ленинград балетімен бірге фильмге түсіп жатқан тұсы екен. «Шолпон» балетінде басты рөлді орындап жүрген Бүбүсара Бейшеналиевамен сол жерде алғаш рет кездестім. Мұны тағдырдың жазуы екенін кейін ұғындым. Жанымда екі-үш матрос бар, моторлы қайықпен «Аврора» крейсеріне жақындап келгенімде, біздің делегация палубада тұр екен. Орталарында ақша жүзі қуаныштан гүл-гүл жайнаған, сұңғақ та сымбатты Бүбүсара. Шашын теңіздің майда самалы еркелете тарап, бізге қол бұлғады. Бұрын бір-бірімізді сырттай білгенмен, онша таныс емес едік. Тез сырласып кеттік. Сезіміміз от секілді тұтанды десем, сенбессің. Осы кезге дейін кездеспей қалай жүрдік екен деп таңғалыстық.

Әсет Ақмолданың әлеуметтік желідегі жазбасынан

Leave A Reply

Your email address will not be published.