Әр сырқаттың өз «мінезі» бар

0 190
Аурудың адам ағзасына салмақ түсіретіні сияқты, мінезге де әсер ететіні болады. Егер терең таразылай алсаңыз, өзіңіздің және жаныңыздағы жандардың нақты қай жеріңіз ауырғанын мінезіндегі өзгерісінен де аңдай аласыз. Бұл әсіресе не себепті және қай жері мазалап тұрғанын түсіндіре алмағандар үшін керек.
Бүйректің созылмалы сырқаты кезінде ағзада білінбес баяу қарқында улану процесі жүреді. Ол себепсіз шаршауды сезіну, зейіннің төмендеуі, айналамен (адамдармен) байланысқа түсу, араласуға деген кертартпалықты үдетеді. Кейде бүйрек сыртқа ауырсыну сездірмей ауырғанда адамда көңіл-күйдің жиі ауытқуы байқалады, бір сәтте күліп, әп-сәтте жабығып, жылай салу әдетке айналады. Бұл – бүйрек ауруының созылмалы сипат алуынан және оның жанға батуынан болатын невроз белгісі. Егер бұл неврозды ертерек емдемесе, оның соңы қуық қабыынң неврозына ұласып, бүйрекке сырттан әсер болғанда (табаннан суық өткенде, ашу қысқанда, жаурағанда, т.с.с.) әжетханаға жиі жүгіртеді.
Жүректің кез келген дерті, гипертония, астма ауруы адамды күмәнданғыш етеді, алаңдауын үдетеді екен. Мұндай жандар тез ашуланғыш, ызақор, жылауық болып келеді. Өйткені бұл аурулар мида әлсіздік туындатып, содан көңіл-күй жиі ауытқиды, адамға ештеңе жақпайды. Тез өкпелеу, өкпені кешіре алмау, жан-жағындағыларға орынсыз талап қою да осындай ауру мазалайтын адамдарға тән. Өйткені олар өмірге – күмәнмен, болашаққа күдікпен қарайды.
Инфаркт алған адамдарға асығыстық тән деп жазады «Ауырмаңыз!» газеті. «Өлім табалдырығына барып қайтқан» мұндай адамдарда біртіндеп бір уақытта бірнеше тірлікті қатар атқаруға деген құлшыныс оянады. Олар бәріне үлгеріп қалғысы келіп, өзгелерден де соны талап етіп, жанталасып жатады. Себебі санасында ажал кез келген уақытта алып кететіні туралы ақпарат сақталып қалады да, сол сезім асығыстық сезімін оятады. Кейбіреуде көлік айдауға деген қорқыныш оянады.
Псориаз, дерматит сынды созылмалы тері ауруларына ұшыраған адам өзінің сыртқы «кемшілігінен» қысыла келе сынға төзімсіз, күдікшіл жанға айналады екен. Содан өз бетінше күліп кетіп бара жатқан адамды өзіне күлді деп санайды, жанынан әлдебір смебеппен алыстаған адамды ауру жұғып кетеді деген қорқыныштан немесе жиіркеніштен қашқақтады деп ойлайды. Бұл сезім санаға түпкіліті сіңе келе олар кекшіл, ызақор әрі өкпешіл болып шығады.
Осыны зерттеген ғалымдар дерт меңдеген жанға өкпелеудің, оның мінезіндегі өзгеріске таң қалудың қажеті жоқ екенін ескертеді. Қайта олардың өмірге бұрынғыдай күліп қарап, қалыпты өмірді құлшыныспен қабылдауына көмектесу керек дейді. Өйткені мұның бәрі сырқат жанның санасында ауру қалдырған із.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
Leave A Reply

Your email address will not be published.