«Күшік күйеу» деген сөзді естігеніміз анық, ал «күшік құда» дегенді ше? Бұл атау, әсіресе, «Күшік құда» атты фильмнің түсіріліп жатқаны жайында хабар тарағанда қызу талқылануда.
Мұндай атаулардың мағыналық жүгі бар болғандықтан, оны қолдану мен айтудың жөн-жосығы бар. Сондықтан оның мағынасына мән берген абзал. Ал халқымызда «күшік құда» ұғымы бар ма екен, соны қарастырып көрелік. Ең алдымен, кез келген ұғым мен түсінікті қарастырарда, әрине, сөздік пен ғалымдардың пікіріне сүйенеріміз анық. Әсіресе, түсіндірме сөздіктердің берері ерекше.
Мәселен, академиялық басылым – «Қазақ әдеби тілінің сөздігінде» күшікей, күшік күйеу, күшік ата, күшікеш адам сынды ұғымдар кездеседі. Мұнда «күшік күйеу» ұғымына «әйелінің ата-анасының үйінде немесе әйелінің елінде тұратын жігіт» деген анықтама берілсе, «күшік ата» ұғымына «күйеу баласының үйінде не ауылында тұратын қайын ата» деген анықтама берілген. Ал күшікеш адам деп «қушыкеш, қу, алдамшы, суқит адамды» атайтын көрінеді.
Ал Қазақ тілінің түсіндірме сөздігінде «күшік» сөзіне келесідей анықтама беріледі:
1. Иттің және ит тұқымдас жыртқыш аңдардың баласы.
2. Ауыспалы мағынада. Кішкене жас бала.
3. Адамды кемсіткенде айтатын сөз. Ә.Қайдардың «Қазақтар ана тілінде» атты этнолингвистикалық сөздігінде күйеудің «күйеубала», «күйеужолдас», «күшік күйеу», «өкіл күйеу» атты түрлері бары айтылған.
Ал күшік күйеудің қайдан шыққаны жайында этнограф ғалым «бұрынырақ кезде әйел алу үшін қалың малын төлеуге мүмкіндігі болмаған соң, оны өтеу мақсатымен болашақ қайынатасының қолында тұрып еңбектеніп, үйлену тойы өткеннен кейін сол үйде біржола қалып қоятын жігіттің әйелінің отбасына жақындық қатынасы, бұл сөзді тілдік заңдылық тұрғыдан алып қарағанда, оның дұрысы – «күш күйеу» болу керек. Ал анықтаушы сөздің құрамындағы қосымшаның пайда болуы – тілдегі кейінгі ықпалдың әсерінен туған құбылыс» деп түсіндіреді.
Аталған еңбекте құданың «аманат құда», «бас құда», «бауыздау құда», «бел құда», «кіші құда», «қарсы құда», «құда бала», «құдай қосқан құда», «сары сүйек құда», «үлкен құда» сынды түрлері бары айтылған. Бірақ «күшік құда» жайлы сөз жоқ. Қазақ әдеби тілінің сөздігінде «құдажан», «құдаеке», «құдажол», «құда табақ», «құда жортақ» сынды ұғымдар кездескенімен, «күшік құда» тіркесі туралы жазылмаған.
Ал Байынқол Қалиевтің «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» атты еңбегінде «күшік күйеу» ұғымын емес, «күш күйеу» сөзін қолданып, «әйелінің ата-анасының қолында тұратын күйеу бала» деген түсіндірме береді.
Түсіндірме сөздіктерге енбей қалған сөздерді қарастырған бұл еңбек те де «күшік құда» жайлы ештеңе айтылмаған. Сөздіктерді қарастыра келе, күшік құда сөзіне жақын «күшік ата» ұғымы екенін аңғаруға болады. Күшік құда деген түсінік қазақта болмаған. Оны ауыспалы, жанама мағынада аталмыш түсініктің «күйеу баласының қолында тұратын қайын ата» дегенді білдіретінін байқау оңай.