Орталық Азияның бес мемлекетінде қосымша жол тораптары салынады

0 18

 Cәуірде Еуроодақ және Орталық Азияның бес елінің алғашқы саммиті өтеді. Орталық Азия мемлекеттері Еуропа елдерімен емін-еркін араласқысы келеді. Бірақ барыс-келіс жасайтын тікелей төте жол жоқ. Жолдың бәрі Ресейдің аумағы арқылы шиырлап жатыр. Ал соғыс жағдайында ол жолдармен қатынас күрделі болып кеткені тағы бар. Ал жағдай бұдан әрі қалай өрбиді. Бұл туралы Kazinform агенттігінің бас редакторы Нағашыбек Алдан пікір білдірген еді.

Бас редактордың пайымынша, Ресейдің Украинаға басып кіріп, соғыстың жалғасып жатқанына екі жыл болды. Осы екі жылдың барысында Орталық Азия елдері мен Еуропа елдерінің арасындағы жүк және жолаушы көлігі қатынастарын қалай тиімді ету мәселесі қаралып келеді. Жақында Брюссельде Еуроодақ елдері мен Орталық Азия мемлекеттерінің форумы өтті. Форум жаңа бастама көтеріп, соның жүзеге асуына жол бастады. Бастама дегеніміз – ежелгі Жібек Жолының ізімен Транскаспий көлік дәлізін құру. Бұл бағыт Ресейдің жеріне жоламайды, сыртынан өтеді. Мұндай көлік дәлізі жайлы айту оңай, ал іске асыру оңай емес. Оған қыруар қаржы керек. Бір жақсысы, осы маңызды істің қаржы мәселесі шешіліп жатыр.

Бағыт Қытайдың шығысынан басталып, Польшаға барып тірелуі тиіс. Бұл жоба үлкен екі аймақтың экономикалық және саяси жағынан жақындасуына, ал халықтардың бір-бірімен араласуына жағдай жасайды деген үміт мол.

Темір жолдар мен автожолдаораптары салынады. Еуропаның қайта құру және даму банкінің сарапшылары есептеп шыққан екен. Транскаспий көлік дәлізін салуға 18,5 миллиард евро қаржы керек. Екі күндік форум жүріп жатқан кезде Еурокомиссия көлік дәлізін құру үшін халықаралық қауымдастықтардан 10 миллиард евроға міндеттеме жинап үлгерді. Бұл қаражат енді бірер айда жұмысты бастап жіберуге жарап тұр.

«Форумның шешімі бойынша алдымен Орталық Азия елдерінде Трр қалпына келтіріледі және жаңғыртылады, көлік қозғалысы ұлғайтылады, порттардың өткізу әлеуеті ұлғаяды, шекаралардан өткізу бекеттері заманауи технологияларға негізделеді, мультимодальдық логистикалық орталықтар мен Орталық Азияның бес мемлекетінде қосымша жол танскаспий көлік тораптарын іске қосатын «Аймақтық гүлдену бағдарламасы» жұмыс істейді. Оны Халықаралық сауда орталығы жүзеге асырады. Бұл Орталық – Біріккен Ұлттар Ұйымының және Экономикалық қызметтестік пен даму ұйымының агенттігі болып табылады. Бұдан бөлек, Транскаспий көлік дәлізін құрудың ілгерілеуін және жұмыстың жоспар бойынша дамуын қадағалау үшін Орталық Азиядағы бес елдің Көлік министрліктеріне бір-бір аға кеңесші-резидент бекітіледі. 2025 жылы Еуроодақ қаржыландырған аймақтық көлік бағдарламасы бекітіледі. Осы бағдарлама Орталық Азия елдерінде қолда бар және болашақта жасалатын көлік жобаларына техникалық қызмет көрсетеді. Бағдарламаның аясында Еурокомиссия мен Еуропалық инвестициялық банк Орталық Азия елдерінің инфрақұрылымын дамыту мақсатына 1,5 миллиард евро бөлді»,-дейді Нағашыбек Алдан.

Оның айтуынша, форумға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан және Тәжікстанның Көлік министрлері, ал Түрікменстанның Көлік министрінің орынбасары қатысты. Қазақстанның Көлік министрі Марат Қарабаев биыл қыркүйекте Астанада инвестициялық форум өткізуді ұсынды. Орталық Азия елдерінен барған Көлік министрлерінің бәрі қанаттанып, ризалықпен сөз сөйледі. Халықтардың Транскаспий көлік дәлізіне үлкен үміт артатынын жеткізді. Форумдағы сөздерін Қазақстан мен Өзбекстан министрлері ағылшынша, қалғандары орысша жеткізді. Қырғызстан министрі Орталық Азия елдері екі алыптың ортасында қалғанын, өздерінің даму сәт-сағатын әлі таппағанын айтады. Ал Өзбекстан министрі осы стратегиялық бастамадан Орталық Азия елдерінің ешқайсысы сырт қалмайтынына сенімді.

Форумға бақылаушы ретінде қатысқан өзге елдердің өкілдері де болған. Үзілісте журналистерге берген сұхбатында Түркияның өкілі бұл форумда Түркияның да туы тұруы керек екенін, Транскаспий көлік дәлізі Түркиясыз мүмкін еместігін, жобағы Еурокомиссия Анкараны да қосуы керектігін айтты. Дәліздің бір бағыты Түркияның жерімен өтеді, екінші бағыты Кавказ жері мен Қара теңіз арқылы жатыр. Сондықтан форумға Әзербайжан, Армения және Грузия делегаттары да барған.

Алдағы сәуір айында Еуроодақ және Орталық Азияның бес елінің алғашқы саммиті өтетін болып келісілді. Транскаспий көлік дәлізінің жеделдетілуі мен көптеген ұйымдық мәселелері саммите жалғасып, күрмеуі шешілсе керек. Сәуірдегі Саммит Өзбекстанда өтеді.

Әрине, Транскаспий көлік дәлізінің іске қосылуы Орталық Азия елдері үшін зор жетістік болар еді. Адамдардың барыс-келісі ұлғаяды, жүк тасымалы мен тауар қозғалысы жанданады. Ең бастысы – жол ашық болады.

Leave A Reply

Your email address will not be published.