«Ең кедей отбасында өстім». Айнұр Тұрсынбаева жеке өміріне қатысты тың мәлімдеме жасады. Айтыскер ақын жастай жоқшылықта өскенін айтып, көрген қиыншылығын баяндады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
«Адам бақытсыз болып немесе кедей болып тумайды. Кез-келген адамның бақытты, бай болуға қақысы бар», – деген Тұрсынбаева әрекет еткен адамның қандай да тығырықтан жол таба алатынын жеткізді. Мәселен, бүгінде ел білетін айтыскер, танымал блогер Тұрсынбаева бір кездері өз ауылындағы ең кедей отбасында тәрбиеленген.
«Менің өмір тарихымды білмейтіндер көп. Мен біздің Көкжыра ауылындағы ең кедей отбасында өскенмін. Пойызға алғаш 12 жасымда міндім. Оған дейін мен тіпті кәдімгі «Жигулиге» мініп көрмегенмін. Тек сары автобуспен жүретінбіз.
Апам ауылда ішек-қарын тазалап, ақша табады. Мектепке киетін форманы алатын ақша жоқ, бір форманы 4 жыл кигенмін. Бойым өсіп кеткен, көйлек сыймай тырысып тұрады. Қимылдасам, сөгіліп кете беретін.
Пимам болатын, көп сырғанағаннан ескіріп кеткен табаны тесіліп қалған. Осы пимамен 2-3 жыл жүрдім. Шылқылдаған су, қақаған аяздан тапқаным – ревматизм. Әлі күнге дейін күн бұлттанса, аяқтарым қақсап кетеді.
Бір күні сабақ өтіп жатқанда бір апай кіріп келді. «Осы класста көмекке мұқтаж оқушы бар ма?» деп сұрады. Мұғалімнен бастап бүкіл класс маған қарады. «Иә, бар, Айнұр Тұрсынбаева. Оның пимасы да, пальтосы да жыртық» деп шулап кетті.
Содан бастап маған жыл сайын мектептен арнайы киім берілетін болды. Жап-жаңа етік пен әдемі пальтоны бірінші рет сол кезде кидім. Мен сол жағдайдан шықтым», – дейді Тұрсынбаева.
Бүгінде ел білетін ханымға айналған айтыскер көмекке мұқтаж жандарға қол ұшын созуға асығады. Айтуынша, ол адамдардан «өзін көреді». Алайда ол әрбір мұқтаж адам «құрбан» күйінде қалып кетпей, қиындықтан шығар жол іздесе екен тілекте.