Бағлан Әбдрайымов тағы да кино түсірмек

0 2

Әнші Бағлан Әбдрайымов қоғамдағы өзекті мәселелерді көтеріп, болашақта тағы кино түсіру ойында барын жасырмады, деп хабарлайды  Nege.kz сайты.

“Қазіргі кедергілерден сүрінбей өтсем, тағы бір фильм түсірсем деймін. Өйткені біздің қоғамда проблема өте көп. Мысалы, саяси мінбер мен өтіп жатқан түрлі митингтерде айтылып жатқан мәселелерді бір жарым сағаттық киноға сыйғызып, қоғамға түсінікті тілмен жеткізуге болады. «Пайда ойлама, ар ойла» деген ғой Абай атамыз. Егер бүгінгі кино түсіруге ден қойған замандастарым ұлттық құндылық пен ата дәстүрден аттамай, тереңінен ой тастайтын дүниелер ұсынса, қоғамды өзгертуге болады. Себебі, кино да – идеология”, – деді Бағлан.

Келесі киноға арқау болатын, әншіні толғандырып жүрген мәселе бар екен. Алайда, өнер иесі ол туралы ашып айтудан бас тартты.

“Бүгінгі таңда жанымды жегідей жеп жүрген бір мәселе бар. Ендігі кезекте соны түсірсем деймін. Ол да қазақтың жүрегін ауыртып жүрген жағдайдың бірі. Бірақ әзірге ашып айтпай, құпия қалдырайын. Жоспарым жүзеге асып жатса, көре жатарсыздар”, – дейді ол.

Бағлан Әбдрайымов кассалық түсім шығынның жартысын ғана ақтағанын айтты. Дегенмен, уақыттың тапшылығына қарамастан ол үмітін үзбейтінін жеткізді.

“Киноның көрсетіле бастағанына он күннен асты, қазір шыққан шығынның жартысын жапты десем болар. Енді алдағы он күнде көрушілер саны азайып кетсе, шығын толық ақталмай қалуы әбден  мүмкін. Осы жағы уайым болып тұр. Ал көру статистикасы жағынан айтар болсам, үлкен экранға шығып жатқан өзге де отандық немесе шетелдік кинолардан анағұрлым жоғары тұр. Егер комедия түсіргенімде, осы күні шығынымды жауып, пайда түсіре бастаған болар ма едім. Бірақ, мен көпшілік сабақ алсын деген ниетпен белді бекем буып, қоғамдық драма таспаладым. Сондықтан жобамның шығыны шаш етектен болды.

Қонаев қаласында он бір күн қатарынан түсірілім жұмыстары өтті. Осы уақыт аралығында қаламақыдан тыс жобаға қатысқан 300 адамды бірдей тамақтандыруымызға тура келді. Оның үстіне түсірілім жұмыстары дайын казинода өтпеді. Жалға арнайы ғимарат алып, оның ішіне электр жарығын орнатып, жылу беріп, ішін адамға толтырдық. Өздеріңіз білетіндей, мұның бәрі қыруар қаражатқа келіп тіреледі”, – деп ағынан жарылды өнер иесі.

Leave A Reply

Your email address will not be published.