Елорда тұрғыны Балапан ата: Ел астанасы Ақмолаға көшеді дегенді түсінбедік

0 11

Биыл Астанаға 20 жыл. Осы жылдар ішінде қаншама қиындықты да, қуанышты сәттерді де ел ордасында бастан өткеріп келе жатқан жандар аз емес. Біз солардың бірі 50 жасына дейін Астананың қауіпсіздігін қорғауда аянбай еңбек еткен Балапан Абдрахманұлымен сұхбаттасқан едік. Қазақстан орталығы Алматыдан арқа төсіне көшеді деген жарлық шыққанда Балапан ата да болашақ Ақмолаға жұмыс бабымен көшіп келді. Сол жылдардан бері кейіпкеріміздің отбасы Астанамен қатарласа қалай өсті, қандай қиыншылықтар көрді, жас қала тұрғындарға не берді, осы және өзге де сұрақтарға Балапан ата әңгімелеп берді.

Астанаға жұмыс бабымен ауысып келдім

Астанадан 100 шақырым жердегі Ақкөл ауданында тудым. 1970 жылы әскерге кетіп, екі жылдан соң оралдым. Бір жылдан кейін бірге оқыған досыммен милицияға барып, бірінші күзетте жұмыс істедік. Содан кейін сержант болдым. ГАИ-да істедім, одан кейін оқуға кеттім. Тарқата айтсам, осы Ақкөл ауданындағы кішкентай ғана ауылданмын. Сержант боп зейнетке шықсам, сол да жетеді деп жүретінмін. Ауылдағы жеңгелеріміздің бірі «Сен кімсің, Балапан? Қазір милицияда сержантсың, білімің жоқ. Сені жұмыстан шығарғанда кім боласың, сол ауылға келіп шопыр боларсың» деген сөзі қатты батты. Жеңгейдің айтқаны өмір бойы зейнетке шыққанымша ойымнан бір рет те шықпады. Сол күннің ертеңіне таңертең тұра сала ауданға барып, кадр бойынша орынбасарға мені оқуға жіберіңізші деп тұрып алдым. Ол болмаған соң, облыстан сұрандым. Милицияның Алматыдағы орта мектебіне де, Қарағандыдағы жоғарысына да бармай, Барнауылға кеттім. Екі жыл оқып, лейтенант болып шықтым. Жолымбет поселкасының бөлімшесінде қызмет еттім. Содан кейін Шортанды ауданының ішкі істер басқармасының бастығы болып тағайындалдым. Осы Ақмола облысында Сарыарқа ауданына бастықтың орынбасары болып бардым. 1994 жылы Шортандыға қайта келдім, осында Сарыарқа ІІБ-ның теміржол бөлімі дейді, соның бастығы, 1995 жылы Ақмола қалалық Ішкі істер басқармасының бірінші орынбасары болдым. Сол кезде министрлік Алматыға әкімшілік департаменті бастығының орынбасары қызметіне шақырды. Бір ай жұмыс істеп астана Ақмолаға көшеді дегеннен кейін Астанаға алғаш келгендермен бірге мен де келдім.

Кеңес үкіметі құлап, Қазақстан тәуелсіздігін алып ел бола бастағанда қиын жағдайлар болды. Бүкіл Қазақстанмен бірге қиыншылық көрдік. Азық-түлік аз, жарық өше бастады. Ол кезде Ақмолада біраз ауданның жарығын сөндіріп тастап отырды. Бір жағын сөндіріп тастаса екінші жағын жақты, оны сөндірсе үшіншісін жақты. Барлық үйге келіп тұратын газдың өзі болмай қалатын кездер болды. Жұмыс жоқ, көбі базарда, тауар әкелу үшін анда-мында кетіп жұмыс істейтін болды.

Ақмола астана болады дегенді түсінбедік

Көпқабатты тұрғын үйлер, министрлік ғимараттарын сала бастады. Жаз шыққанда Абылайхан көшелеріндегі теректердің бәрін кесе бастады. Оған дейін ол тұра беретін. Ескі қаланың өзіне үйлер сала бастады. Солай ақырын ақырын Астананың не екенін түсіне бастадық. Тауарлар да, тамақ та бәрі келді, газ да тартылды, жарық сөнбейтін болды. Жақсылықты бірден көресің.

Елдің көрген қиыншылығын біз де көрдік

1994 жылы Ақмолаға алғаш келгенде қиыншылықтар болды. Жұбайым ол кезде жұмыс істемейді. Мен ғана жұмыс істедім, екі балам да оқушы болды. Дүкенге барайын десең, дүкенде түк жоқ, ақша жоқ, айлықты ай сайын бермейді. Берген кезде де ақырын санап жұмсайсың. Келе-келе балалар да өсті, жұбайым да жұмысқа шықты. Елдің көрген қиыншылығын біз де көрдік.

Жеке көлігім болмады, жұмыста қызметтік көлік бар. Автобуспен жүреміз, такси 90-жылдары тоқтап та қалды. Қазіргідей автобустар көп емес, барлық облыс бірдей болды. Олар не көрді, соны біз де көрдік.

Үйдегі жеңгеңмен қалай танысқанымды айтып берейін. Жолымбетте 23 ақпанда оқушылар концерт қойды. Біз милициялар сол жердегі тәртіпті қадағалауға бардық. Сонда кішкентай 7-сыныпта оқитын балдызым аккордеонда ойнады. Сол кезде таныстық. Жолымбетте үйлендік. Қызмет бабымен жүргенде балаларым бір жылда 4 мектепке ауысқан кездер болды. Әр үйге көшіп жүрдік. Қызмет бабымен басқа жаққа жіберіп жатқанда бірінші мен кетемін, содан соң ол кісі чемодандарын дайындап балалармен келіп жатады. Солай өсті ғой. Таңертең кетемін, кеш келемін,әсіресе ауданда істеп жүргенде, ауылдарда қылмыс болса бір-екі күн сонда жүресің. Сол кезде жолдасымның балаларға тамағын бергенін, балабақшаға апарғанын, өзі де жұмысқа барып бәріне үлгеріп жүргеніне сенімді болып жүресің. Қазір қызығын көріп жатырмыз. Балалар да, немерелер де өсті.

Кинотеатрлар бәрі сол кезде жабылды. Жазда паркте аттракциондар жұмыс істемеді. Туыстардың балалары келгенде оларды апаратын дұрыс жер болмады. Шағын видеосалондар ашылды. Сол жерден балалар кассетадан кино, төбелестер көретін. 1997 жылдары қызым студент боп жүргенде ЕҰУ-да дискотека ұйымдастыру мүмкін болмай бөлмелерінде шағын дискотека өткізеді екен. Күйеу балам мен қызым сол жерде танысты. Ол кезде екі-үш қана мейрамхана болды. Дүкендер көбейді. Қазіргі кезбен салыстыруға келмейді, Астанада барамын десең бүгінде баратын жер көп қой.

Астана бой көтере бастағанда ауыр қылмыстар өте сирек болды

Қашан болса да қылмыс тоқтамайды. Ол кезде көп адам жұмыссыз қалды, зауыттар тоқтады. Жұмыс жоқта күнкөріс керек. Ұрлық көбейіп кетті. Ауыр қылмыстар өте сирек болды, милиция тілімен айтқанда бүкіл елді шошытатын резонанс қылмыс болған жоқ. Осында көптен бері тұратындар Астана енді құрыла бастаған кезде ондай болмағанын біледі.

Маған жақсы басшылар кездесті. Әрқайсысынан өзіме керекті алып отырдым. Олар да көмек көрсетуден тайынбады. Қазірдің өзінде сотталып келгендер мені алыстан көргенде сәлем береді. Біз адал жұмыс істедік, адамдарға жақсы ниетпен қарадық.

Біз бәріміз кеңес заманының адамдарымыз. Бізді басып отырды. Совет үкіметі құлағаннан кейін тәуелсіздік алдық. Алыпсатарлықпен айналысатындарды дұрыс емес деп санадық. Біреуден алып, екіншіге сатуды түсінбедік. Бұл тәуелсіздіктен кейін спекуляция емес, коммерция деп аталатын болды. Жұмыс болмағандықтан, адамдар отбасын сауда-саттықпен асырауға көшті. Әйелдер де, үлкендер де жұмысын тастап Қытайға, Қырғызстанға жөнелді. Сол жақтан тауар алып келіп, осында сатты.

Алматыдан қызмет бабымен ауысып келгендер бізге “астанайцы” дейтін

Баяғы суықпен қазіргі суықты салыстыра алмайсың. Бұрындары 40 градус суық болса дәл солай тұра беретін. 1997 жылы Астанада жалғыз-ақ үлкен сауда үйі – Артем болды. Қарашада қатты суық басталған кезде Алматыдан күртешемен келгендер бәрі Артемға дубленкамен жүгірді. Олар суыққа тоңса да ақырын-ақырын Астананың мінезді ауа райына үйреніп кетті. Алматыдан қызметкерлер мұнда жарлық болған соң келді. Алматыда жылы үйлері бар, Астана боламыз деп келген жоқ. Олардың бізге деген көзқарасы кішкене басқаша болды. «Малайцы» деген сияқты бізге «астанайцы» дейтін. Олар да ақырындап үйреніп, уақыт өте келе бәріміз астаналық болып кеттік.

Сол жағалауда «Заречный» совхозы, «Комсомолский» ауылы, саяжайлар болды. Жазық далаға картоп егілетін. Қазір мынадай Астана болып шыға келді. Сол кезде Алматы ауданында Абай даңғылы жақта тұрдым. Ленин даңғылы ғана асфальтталған. Абай даңғылы Астананы бір шетінен екінші шетіне дейін жалғайтын, бірақ шаңы шығып жататын. «Сонда жолды бір күні істейді ғой» деп айтатынбыз, облыс болғанда қолдан келмеп еді, Астана болған кезде қалай жайнап шыға келді.

Ақмола астана болмағанда даму болмас еді…

Қазақ халқы азырақ болды. Кешке жақын би кеші болған кезде қазақтар аз жиналатын. Қазір халық көбейді. Астана болған соң бүкіл өңірден келіп жатыр. Есік алдына шыққанда, басқа жерде болсын сөйлесе кетсең біреу Шымкенттен, біреу Атыраудан келгенін айтады. Бәріміз бірге өмір сүріп жатырмыз. Ол кезде ұлттардың бөлінуі болмады, ондайды көрмедім. Қазақтың кеңпейіл көңілімен осындай бейбітшілікке жеттік.

Дереккөз: Bag.kz
Leave A Reply

Your email address will not be published.