Ежелгі Тараз қалашығынан табылған сүйек

0 27

Әр ұлттың, халықтың, тұрмыс тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптар тұғырының негізгі салт ретінде қалыптасқан. Қазақтың өмір салты, өрен салты т. б. қолдану мен дәріптеуді ғұрып дейміз. Сүйекті халқымыз көненің көзі, теберігі, қасиеті ретінде мойындап, қадір тұтқан. Сүйектің нанымдық қасиеті мен оның қолөнердегі орнын халқымыз көне дәуірден-ақ білген. Сүйек өңдеу өнерінің тамыры өте тереңде жатыр. Сүйек бұйымдары мен сүйектеу өнерінің даму эволюциясы туралы сөз еткенде ең алдымен тас дәуірінен бастаймыз.  Мәселен, орта тас дәуірі – мезолит кезеңінің ең басты өнер табысы – садақ болса  шынына келгенде ол адам баласына жоғарғы палеолитте ақ мәлім болған. Бірақ оның кең таралуы жеке аң аулауға көшуге байланысты қажет болды [1, 82-б].  Қазақстан аумағында қола дәуірі қоныстарының көп екені мәлім. Оларға жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары, сол дәуір тайпаларының қолөнер кәсіпшілігінде сүйек бұйымдардың болғандығын және тұрмыста сүйек заттар да қолданылғанын анықтайды  [1, 109-б].  Ерте темір дәуірінде де сүйек бұйымдары да өз жемісін тапты.

Бертін келе үй бұйымдарын әсемдеуде жылқы мен түйе сүйектері ғана болған. Оның өзінде, ең алдымен, олардың жауырын сүйектері мен қабырғалары қолданылса, кейде әсемдеу үшін жіліктің  қақ сүйегі іске асқан.  Әдетте, қыстыгүні соғымға сойылатын ірі жылқы мен түйе сүйектерінің жарамдыларын тастамай, жинай беретін.  Шеберлердің айтуынша, шикі сүйектерден гөрі асылған  еттің сүйегі  өңдеуге қолайлы болады.  Семіз соғымның  сүйектері тым майлы болған жағдайда, оларды артық майдан арылту мақсатымен  өңдеу алдында  тағы да бірнеше сағат  суға қайнатып алады. Сүйекті іске қосу алдында  суға қайнатудың  тағы бір себебі, кеуіп тұрған сүйектен  гөрі  қайнатылған сүйекті өңдеу оңайға түседі.

Қазақ  қолөнерінде сүйек өңдеу ісі өз алдына жеке кәсіп ретінде бөлінбеген. Ертеректен сүйектен кейбір еңбек құралдары мен  қару жарақ бөлшектерін жасаған. Ағаштан жасалатын үй жиһаздары мен  ыдыс аяқтар сияқты тұрмыстық бұйымдарды, атап айтқанда кебеже, асадал, адалбақан, төсекағаш және ожау, тегене, тостаған сияқты ыдыстарды көркемдеу үшін мал сүйегін кеңінен пайдаланған. Ал музыка аспаптарын әзірлегенде, қазақ шеберлері оларды әшекейлеп безендіру үшін мүйіз бен сүйекті кеңінен қолданған [2,  77-82-б].   Сүйектен жасалған бұйымдардың кейбірі болмаса, бүгінде сүйек бұйымдар қолданыстан шығып қалған. Олар тек музей қорларында ғана сақтаулы. Ежелгі Тараз қалашығына 2011-2017 жылдары жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде, сүйектен жасалған бұйымдар көптеп кездесті. Қазба жұмыстары кезінде көптеген асықтар, түрлі оюлармен өрнектеліп жасалған қолөнер шеберлерінің өңделген мал сүйектері табылды.  [1-сурет]. Қазірде бұл бұйымдар Тараз қаласында «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-музей қорында сақтаулы.

Сонымен бірге мал сүйектерінен  де  әр түрлі ұлттық ойындар: ақсүйек, асық, тобық сияқты түрлері  кең тарады. Мұны бүгінгі күннің көрінісінен де байқауға болады. Себебі көп асықты иеленген ауыл балалары асықтың ішінен кейбірін қызыл бояумен бояп, оны сақа деп атаған. Асық ойыны балалар үшін өте ұқыптылық пен шапшаңдықты, әрі білгірлікті танытатын ойын түрлерінің бірі. Әдетте асықжіліктегі асықты балалар еншісіне берілген. Мәселен, сонау көне дәуірлердің өзінде-ақ жерленген қабірлерде көп мөлшерде қойдың асықтары кездеседі, олардың көбі қызыл-жасылмен боялған, ал қайсыбірінде өңдеудің іздері байқалады.

Ежелгі Тараз қалашығынан 2015 жылдарғы археологиялық қазба-жұмыстары кезінде табылған сүйек бұйымы жалпақ, цилиндр пішінді ою-өрнекпен ойылған, сол жақ бөлігінде үшбұрышты пішінді, қошқар мүйізді ою-өрнегімен өрнектелген болып келеді. Ортасында жүрек тәрізді жақтары бар кескін, оң жағында, диаметрі 0,5 см дөңгелектелген тесік, болжам бойынша, сәндік белбеу жабыны ретінде пайдаланылған, өнімді белбеуге бекіту үшін диаметрі 0,3 см болатын төрт бұрышында төрт тесік бар,алдыңғы жағы жақсы өңделген, жылтыратылған [2-сурет].

Сонымен бірге Тараз қала-шығынан сүйектен жасалған белдік бөліктері табылдыол тікбұрышты пішінді, дөңес, ұзындығы – 4,5 см, ені – 2,5 см, ұзындығы – 1,0 см бір ұшы дөңгелектелген, ортасында екі сопақ ойығы бар және оларды қосатын сызықтары бар, артқы беті тегіс[3-сурет].

Сүйектен жасалған ерекше бұйымның ұзындығы — 7,7 см, ол сүйектен тұтас кесілген бұйым пішіні екі бөліктен тұрады, ромб тәрізді беті бөлінген, тік бұрышты пішінді екі ернеумен бөлінген. Бір жағынан ромб тәрізді ойықтан құралған. Беті жыл-тыратылған. Менің ойымша бұл сүйек бөлігін ертеде үй жиhаздарын әсемдеп, өрнектеу үшін қолданған немесе есіктің, кебеженің тұтқасы ретінде пайда-ланылған[4-сурет].

Түймеге немесе моншаққа ұқсас келесі бұйымның диаметрі – 1,9 см, тесігі – 0,6 см, ұзындығы – 0,6 см, салмағы – 3,22 гр  жоғарғы бөлігі шығыңқы дөңгелек пішінді болып келеді. Тесігі бар,сырты ою-өрнекпен өрнектелген.Беті күрең түсті бояумен боялған[5-сурет].

Табылған бұйымдардан  малдың, жабайы аңдардың сүйегі мен мүйізінен әр түрлі сәнді әшекей бұйымдар жасаған. Сүйектен жасалған бұйымдар өздерінің шығу тегін сонау ерте дәуірден бастағанымен, ол бүгінде қолданыстан шығып қалғаны белгілі.

 Десек те, сондай сүйек бұйымдарының бірқатарын қазақ қолөнер шебері, әрі этнограф Д.Шоқпарұлының  мәліметтері бойынша тарқатсақ [3, 77-б]: ұста, зергерлер көріктің көмейіне көмір салуға, ыстық шоқты көсіп алуға, күл шығаруға арнайы малдың жауырын сүйегінен жасалған қалақты қож немесе қожы, қазбай деп атаса, ірі қараның қос жауырынан жасалған бұйымды ескек деген. Ал қойдың, ешкінің кәрі жілігінің құрығынан әзірленеген бұйым тоқу біз, қойдың, ешкінің асық жілігінен жасалған шүмек, сонымен бірге ұршықбас, жебе, сүңгі, түтік сияқты бұйымдарды пайдаланған. Сонымен, сүйектің этнографиялық мәніне қатысты құбылыстар кешенді жүйе ретінде өмір сүріп, халықтық этномәдениеттің құрамдас бөлігі ретінде көшпелі  ортада өмірдің барлық салаларымен байланысқан құбылыс. Мұның өзі этномәдени  байланыстарды реттеу мен үйлестірудегі басты тетік.

Мал өсірсең қой өсір өнімі оның көл-көсір демекші қазақ халқында төрт түліктен алатын барлық өнімді кәдесіне жаратқан. Тұрмыс-тіршілікте, көшіп-қонуға көлік, малдың етін, сүтін азық етсе, терісі мен жүнінен мата жасап, киім-кешек, сонымен бірге сүйегін де жіліктеп кәдесіне жаратқан. Малмен айналысқан, қазаққа қажетті бұйымдар малдың құнын арттыра түскендей.Материалдық мәдениеттің маңызды элементтерінің бірі саналған қолөнер және үй кәсіпшілігі көшпелі және отырықшы шаруашылыққа сай орайластырылды. Қалай болғанда да халықтың қолөнері  халқымыздың тіршілікті қамтамасыз ету  мәдениетін,  бай ой дүниетанымы мен ісмерлігінен, қазақи болмыс бітім мен тікелей байланысты. Ол қазақтың сүйек өңдеу өнерінде де ерекше орын алады.

Жарылқапова Айжан Ғалымбекқызы

ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің

«Ежелгі Тараз ескерткіштері»

 тарихи-мәдени қорық-музейің тарихшысы,

 Жамбыл облысы ҚХА Ғылыми-сараптамалық тобының

мүшесі 

Leave A Reply

Your email address will not be published.