1 шілде – Ұлттық домбыра күніне орай Ш.Уәлиханов атындағы Жамбыл облыстық әмбебап ғылыми кітапханасында Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері, күйші, сазгер Аман Малдыбаевтың қатысуымен «Ұлттық өнерді ұлықтаушы» тақырыбында онлайн сұхбат өтті, — деп хабарлайды «ZhambylNews» ақпараттық агенттігі.

Онлайн сұхбат барысында Аман Малдыбаев авторлық туындыларының шығу тарихына тоқталып, күй жанрының қыр-сырымен бөлісті.

Сондай-ақ, онлайн көрермендердің сұрауы бойынша «Тай Шолпы», «Ғаламат», «Мұңды саз», «Шоқай датқа», «Мұңлы тамшылар», т.б. күйлерін шеберлікпен орындап берді.

Малдыбаевтар отбасының өнердегі жолы кейінгі жас ұрпаққа өнеге, ғибратқа толы өнер ордасы екенін дәлелдеп келе жатқан Аман ағамыздың ұлдары Әлібек, Рүстем, Қазыбек әкелерінің өнердегі жолын жалғастырып, бүгін де бірнеше жетістікке жетіп үлгерген. Олар халықаралық «Азия дауысы» ән байқауы,Белоруссияда өткен ән конкурсы, Мәскеуде, Новосибирскіде өткен өнер додалары, «Жез киік» байқауларында өнер көрсетіп, қазақ елі мен әке мақтанышына айналған.

Аман Малдыбаев күй өнеріне баулыған шәкірттері әлемдік додаларда жетістіктерге жеткен «Белес» тобының жетекшісі Мадияр Есенұлы, эстрада әншісі Дана Маханбаевалардың жетістіктері жайлы әңгімелеп, қазіргі таңда  М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде ұстаз, «Көне Тараз» оркестрінің жетекшісі екенін, домбыра аспабын меңгеремін дегендерге ұстаздық етуден жалықпайтындығын жеткізді.

Кеш соңында кітапхана ұжымы мен оқырмандары алпыстың асуына шыққан ұлттық өнерімізді ұлықтап жүрген Аман Малдыбаевқа шығармашылық табыс тілеп, ыстық лебіз білдірілді.

Айта кетейік, ұлттық домбыраның күнінің бекітілуі елдегі ұлттық музыкалық дәстүрлі өнерге тың серпін беруі мүмкін. Яғни, дәстүрлі ән өнерін үзбей жалғастырып келе жатқан әншілер, күй өнерінің бүгінгі шеберлерінің де өнер өрісі ашылып, сол арқылы халық шынайы ұлттық өнерге мойын бұрып, ұлт мәдениетінің қайта өрлеуіне негіз болуы да ғажап емес.

Домбыра – қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы. Домбырамен ұлттық музыкалық үлкен мәдениеті ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мыңжылдықтардан бері жалғасып келеді. Ұлттық домбыра күнінің арнайы жарлықпен бекітілуі президент бастамасымен қабылданған “Рухани жаңғыру” бағдарламасымен өзектес. Н.Назарбаевтың өзі де домбыра тартып, ән салады. Қазақтың әншілік-күйшілік өнерінің жақсы тыңдаушысы.

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here