Таразда үйі өртенген анаға жаңа баспана берілді

0 3

Тараз қаласында үйі өртеніп, үш баласымен далада қалған анаға Жамбыл облысы әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасына сәйкес жаңа баспана берілді, — деп жазады “ZhambylNews” ақпараттық агенттігі.

Ағымдағы жылдың 1 маусымында Мичурин көшесінде орналасқан үйден өрт шығып, соның салдарынан Мария Кириакиди далада қалған болатын. Оқиға орнына шұғыл жеткен өрт сөндірушілер жалпы көлемі 100 шаршы метр үй аумағының күлі көкке ұшқанын анықтады.

Кәмелет жасына толмаған үш баласы бар ананың тілсіз жаудың кесірінен қиын жағдайға ұшырап, тентіреп қалғаны жайлы ақпарат әлеуметтік желіде тез таралды. Бұл оқыс оқиғаға қатысты шұғыл әрекет еткен облыстық әкімдік Марияның отбасына жатақхана ұсынған болатын. Алайда, азаматша бұл ұсыныстан бас тартты. Бірақ, облыстық және қалалық әкімдіктің атсалысуымен оттан шаңырағы ойран болған жанұяға жанашырлық танытып, Кириакидилерге жаңа баспана алып беретін кәсіпкер табылды. Осылайша, қазір Мария балаларымен бірге шаһар орталығына жақын маңдағы жаңа қонысқа көшті.

Тараз қаласының әкімі Айтқазы Қарабалаев Мария Кириакидидің отбасын жаңа қоныспен құттықтау үшін арнайы келіп, бұл мәселе облыс әкімінің жеке бақылауында болғанын жеткізді. Сондай-ақ, облыстық әкімдік атынан көрпе-жастық секілді тұрмысқа қажетті дүниелерді сыйлық ретінде табыс етті.

Бүгінде құны 9,2 млн теңгені құрайтын төрт бөлмелі үйдің ауласындағы тал-тарақтар тазартылып, дарбазасы сырланып, абаттандыру жұмыстары жүргізілген.

— Өрт кезінде барлық құжаттарым жанып кетті. Қазір оларды қалпына келтіріп жатырмын. Біршама уақытты алатын сияқты. Құжат дайын бола салысымен, өрт шыққан үйдің учаскесін бізге баспана алып берген кәсіпкердің атына жаздырып, мына жаңа үйімді өзіме рәсімдеймін. Менің бір басыма осы үй де жетеді. Облыстық әкімдік осы мәселенің оңтайлы шешіліп, біздің далада қалмауымызға көп ықпал етті. Сондай-ақ, еріктілердің де ерекше ықыласпен қол ұшын созғанын айтқым келеді, — деген Мария Кириакиди әкімдікке деген өз алғысын білдірді.

Айта кету керек, Мария Кириакидиге қалалық әкімдіктің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімімен 277 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.