Алғыс айту күнін әулиеаталықтар ерекше атап өтуде.   Мереке Тараз қаласындағы  «Арбат 1» аллеясында орналасқан«Қазақ халқына мың алғыс» монументіне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталды,-деп хабарлайды «Zhambylnews» АА. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысып, мерекелік ізгі тілегін жеткізді.

— Баршаңызды ризашылық пен мейірімділіктің мерекесіне айналған – Алғыс айту күнімен шын жүректен құттықтаймын! Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың Жарлығымен атаулы күн 2016 жылдан бері аталып өтуде. Бұл күн, ең алдымен — тыныштық пен үндестік, бейбітшілік пен келісімнің салтанат құрған күні. Расында, өткен тарихта тағдыр тауқыметінен Ұлы дала төсіне әр жылдарда бүтіндей бір халықтар – 800 мыңға жуық неміс, 102 мың поляк, 550 мың Солтүстік Кавказ халықтарының өкілдері, 18 мыңнан астам Қиыр Шығыстағы корей отбасылары қоныс аударды. Қазақ халқы қиын-қыстау заманда олардың басына түскен ауыртпалықты қайыспай бірге көтере білді, бауырмалдықтың үлгісін көрсетті. Осылайша  Тәуелсіз елімізде 130-дан аса ұлт өкілдері бір шаңырық астына топтасып, біртұтас Қазақстан бірегей артықшылықтарға ие болды. Азаматтар бүгінгі бір-біріне  өкпе реніші  болса кешіруі қажет. Бір-біріне деген ізгі тілектері мен лебіздерін, ақжарма алғыстарын білдіруі керек. Әрқайсымыздың жүрегімізде туған еліміз Қазақстанға деген мақтаныш пен ризашылық сезімі ұялай берсін! Әр отбасыға бақ-береке, елімізге бейбіт өмір және табыс тілеймін!, — деді аймақ басшысы.

Өз кезегінде«Тараз қалалық өзбек этномәдени бірлестігінің» төрағасы А.Зайнутдинов пен №34 орта мектептің директоры, «Дүнген этномәдени бірлестігінің» белсенді мүшесі Д.Нуралиева да сөз алып, егеменді елімізде  бейбіт және берекелі өмір сүріп жатқандықтары үшін алғыстарын айтты.

Гүл қою рәсіміне зиялы қауым өкілдері, Тараз қаласының тұрғындары мен қонақтары,облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының мүшелері, этномәдени бірлестіктердің басшылары мен белсенділері, ҚХА жанындағы Аналар кеңесінің өкілдері мен жастар қатысты.

Мерекелік шарада этномәдени бірлестіктер арнайы шатырлар тігіп,  қолөнер және  «Достық дастарханы» ұлттық тағамдар көрмесін ұйымдастырды.

Мерекелік шараның қонақтарын «Қазақ» этномәдени бірлестігі «Қазақ осы» әнімен қарсы алса, «Өзбек» этномәдени бірлестігі көпшілікті ұлттық әндерімен сергітіп, мереке көркін қыздыра түсті.

Шара барысында тал егу акциясыда бастау алып, көшеттер отырғызылды.

Осындай  көтеріңкі көңіл-күймен басталған мереке барлық аудандарда да жалғасын тауып, бұқара бір-біріне алғыстарын айтып, татулық пен бірлік салтанат құруда.

 

 

Жауап калдыру

Please enter your comment!
Please enter your name here