4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Қордай ауданындағы орталық алаңда Мемлекеттік Туды көтерудің салтанатты рәсімі ұйымдастырылды. Атаулы мерекеге арналған патриоттық іс-шараға әскери қызметшілер, мемлекеттік қызметкерлер, мәдениет және спорт саласының өкілдері, Ардагерлер кеңесінің мүшелері, жастар ұйымдарының белсенділері, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен аудан тұрғындары қатысты.
Салтанатты жиынға Қордай ауданының әкімі Бегзат Болатбеков қатысып, Мемлекеттік рәміздердің ел тәуелсіздігін айқындайтын маңызды нышандар екенін атап өтті. Іс-шара барысында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы асқақ көтеріліп, қатысушылар еліміздің Мемлекеттік Әнұранын ерекше рухпен орындады. Бұл көрініс жиналған көпшілікке патриоттық сезім сыйлап, елге деген құрмет пен мақтаныш сезімін арттырды.
Мемлекеттік Туды көтеру рәсімі – халқымыздың бірлігі мен ынтымағын нығайтып, жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған маңызды шаралардың бірі. Мұндай тағылымды іс-шаралар азаматтардың мемлекеттік нышандарға деген құрметін арттырып қана қоймай, елдің тарихы мен мәдени мұрасын дәріптеуге де ықпал етеді.
Іс-шара барысында қатысушылар Мемлекеттік рәміздердің тәуелсіз Қазақстанның қалыптасу жолындағы тарихи маңызына тоқталып, олардың ұлттық бірегейлікті сақтаудағы ерекше рөлін атап өтті. Сонымен қатар жастарға мемлекеттік рәміздерді құрметтеу – әрбір азаматтың қасиетті борышы екені түсіндірілді.
Айта кетейік, Қазақстанда жыл сайын 4 маусым күні Мемлекеттік рәміздер күні аталып өтеді. Бұл күн – еліміздің егемендігі мен тәуелсіздігінің басты белгілері саналатын Мемлекеттік Туға, Мемлекеттік Елтаңбаға және Мемлекеттік Әнұранға құрмет көрсетілетін ерекше мереке. Мемлекеттік рәміздер халқымыздың тарихын, мәдениетін, рухани құндылықтарын және ұлттық болмысын айшықтайтын маңызды нышандар болып табылады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы мен Мемлекеттік Елтаңбасы 1992 жылғы 4 маусымда бекітілсе, қазіргі Мемлекеттік Әнұран 2006 жылғы 7 қаңтардан бастап қолданысқа енгізілді. Содан бері бұл рәміздер еліміздің тәуелсіздігін, тұтастығын және жарқын болашаққа деген ұмтылысын бейнелеп келеді.
Мемлекеттік рәміздер күні – тек мерекелік дата ғана емес, сонымен қатар әрбір қазақстандыққа елдік нышандардың тарихи, рухани және тәрбиелік мәнін тереңірек ұғындыратын маңызды күн. Сондықтан да мұндай шаралар ұлттық рухты көтеріп, қоғамдағы бірлік пен келісімді нығайтуға, елге деген сүйіспеншілік пен жауапкершілік сезімін қалыптастыруға зор үлес қосады.