Ұлттық мереке ұлықталды

0 17

4 маусым – Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері күніне орай Сарысу ауданында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды. Бұл күн – елдің егемендігін, бірлігін және ұлттық болмысын айқындайтын маңызды мерекелердің бірі.

Орталық алаңда өткен салтанатты жиын барысында мемлекеттік Ту көтеріліп, Әнұран шырқалды. Шараға аудан тұрғындары, мекеме қызметкерлері мен жастар белсене қатысып, ел рәміздеріне деген құрметін білдірді.

Мемлекеттік рәміздер – Ту, Елтаңба және Әнұран – елдің дербестігін танытып қана қоймай, халықтың тарихи жады мен рухани құндылықтарын ұштастыратын маңызды нышандар екені атап өтілді. Бұл рәміздер тәуелсіз Қазақстанның өткені мен бүгінін сабақтастырып, болашағына бағыт беретін символ ретінде бағаланады.

Салтанатты жиында аудан әкімі Сәкен Мамытов құттықтау сөз сөйлеп, мемлекеттік рәміздердің ел өміріндегі ерекше маңызына тоқталды. Ол өз сөзінде 1992 жылдың 4 маусымында Қазақстан Республикасының мемлекеттік рәміздері бекітілгенін атап өтіп, биыл бұл тарихи оқиғаға 34 жыл толып отырғанын жеткізді.

Аудан басшысы рәміздер күнінің маңызын айта келе, Көк байрақтың көтерілуі мен Әнұранның орындалуы әр азаматтың жүрегінде отансүйгіштік сезімді күшейтетінін атап өтті. Сонымен қатар ол жастардың бойында елге, жерге деген сүйіспеншілікті қалыптастыруда мұндай шаралардың тәрбиелік мәні зор екенін жеткізді.

Іс-шара барысында ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқан бірқатар азаматтарға аудан әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Бұл марапаттар ел дамуына еңбегі сіңген азаматтарға көрсетілген құрметтің айқын көрінісі болды.

Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламаға ұласты. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық әндер орындап, көрермендерге ерекше рух пен көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем әуендер мен әсерлі шығармалар көпшіліктің жүрегінен орын алды.

Мерекелік шаралар легі ауылдық округтерде де жалғасын тапты. Ауылдарда ұйымдастырылған концерттік бағдарламалар мен мәдени іс-шаралар тұрғындарға мерекелік көңіл күй сыйлап, ел бірлігін айқындай түсті.

Жалпы, Мемлекеттік рәміздер күні – елдік рухты көтеретін, азаматтардың отансүйгіштік сезімін нығайтатын маңызды мереке ретінде Сарысу ауданында жоғары деңгейде аталып өтті.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.