Мерекелік жиында облыс әкімі медицина қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы орны мен еңбегінің маңыздылығына тоқталды. Өңір басшысы халық денсаулығын қорғауды өмірлік мұрат еткен дәрігерлер мен медицина қызметкерлерінің еңбегі әрдайым жоғары бағаланатынын атап өтті.
– Сіздердің күн-түн демей ел саулығын күзетіп, азаматтардың өміріне араша болып жүрген қызметтеріңіз ерекше құрметке лайық. Денсаулық сақтау саласын дамыту, медициналық қызметтің сапасын арттыру және заманауи технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жалғасады, – деді облыс әкімі.
Салтанатты шара барысында денсаулық сақтау саласының өркендеуіне сүбелі үлес қосып жүрген бірқатар медицина қызметкерлері мемлекеттік наградалармен, облыс әкімінің Құрмет грамоталары және Алғыс хаттарымен марапатталды.
Бүгінде Жамбыл облысында 384 медициналық ұйым халыққа қызмет көрсетеді. Денсаулық сақтау жүйесінде 15 мыңнан астам медицина қызметкері еңбек етсе, оның ішінде 3600-ден астамы дәрігер.
Соңғы жылдары өңірде медициналық инфрақұрылымды жаңғыртуға ерекше көңіл бөлініп келеді. Биыл бес нысанға күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында екі нысанның құрылысы қолға алынған.
Сонымен қатар, медициналық ұйымдарды заманауи құрал-жабдықтармен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасуда. Жыл соңына дейін өңірге компьютерлік томографтар, ангиографтар, заманауи рентген және ультрадыбыстық құрылғылар жеткізіліп, санитарлық автокөлік паркі жаңартылмақ. Нәтижесінде медициналық техникалармен жарақтандыру деңгейі 92 пайыздан асады деп күтілуде.
Салада цифрлық технологияларды енгізу бағытында да нақты жұмыстар атқарылуда. Атап айтқанда, инсультті ерте анықтауға арналған «Cerebra» жүйесі мен Emdeu AI телемедициналық платформасы енгізіліп, медицина қызметкерлерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін бейнебақылау және дабыл жүйелері орнатылуда.
Мерекелік жиын концерттік бағдарламаға ұласып, өнерпаздар әсем ән мен күйден шашу шашты.