Су каналдарын жөндеу жұмыстары қарқынды жүруде

0 57

Сарысу ауданында суару инфрақұрылымын жаңғырту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Осыған орай аудан әкімі Сәкен Мамытов аудан аумағында жүзеге асырылып жатқан су каналдарының күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен танысып, құрылысы жүргізіліп жатқан бірқатар нысандарды аралады. Жұмыс сапары барысында аудан басшысымен бірге аудан әкімінің орынбасары Нұрлан Молдабеков, аудан әкімдігінің ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Ануар Қоянтай және «ҚазСуШар» РМК Жамбыл филиалының «Сарысу» өндірістік бөлімшесінің бастығы А. Жұпарбеков қатысты. Аралау барысында атқарылып жатқан жұмыстардың сапасы мен құрылыс қарқыны зерделеніп, жауапты мамандардың есептері тыңдалды.

Нысандарды аралау кезінде аудан әкімі мердігер мекеме өкілдеріне құрылыс жұмыстарын белгіленген кестеге сәйкес жүргізіп, сапа талаптарын қатаң сақтауды тапсырды. Сонымен қатар жұмыстар барысында қауіпсіздік талаптарын орындау, құрылыс мерзімін созбау және пайдаланылатын құрылыс материалдарының сапасына ерекше көңіл бөлу қажеттігін атап өтті. Аудан басшысы жөндеу жұмыстары аяқталғаннан кейін суару жүйесінің тиімділігі артып, егіншілікпен айналысатын шаруалардың еңбегіне оң әсерін тигізетінін жеткізді.

Бүгінде Сарысу ауданындағы 10 ішкі су каналын «Климатқа төзімді су ресурстарын дамыту» жобасы аясында күрделі жөндеуден өткізу жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталған жоба су ресурстарын тиімді пайдалану, су шығынын азайту және суару жүйесінің техникалық жағдайын жақсартуға бағытталған. Сонымен қатар бұл жұмыстар ауыл шаруашылығы алқаптарын сумен тұрақты қамтамасыз етуге және өңірдің аграрлық әлеуетін арттыруға мүмкіндік береді.

Жобалардың жалпы ұзындығы 59,4 шақырымды құрайды. Оның ішінде 29,3 шақырым канал темірбетон науаларымен (ЛР-10, ЛР-8), ал 30,1 шақырымы Г-тәріздес блоктармен қапталатын болады. Сондай-ақ жоба аясында жалпы саны 109 гидротехникалық құрылыс нысанын салу жоспарланған. Бұл нысандар су ағынын тиімді реттеп, суармалы жерлерге судың уақтылы әрі тұрақты жетуіне мүмкіндік береді.

Қазіргі таңда мердігер ұйымдар тарапынан арнайы құрылыс техникалары, инженерлік-техникалық мамандар мен қажетті жұмыс күші толық жұмылдырылған. Құрылыс алаңдарында дайындық және негізгі құрылыс-монтаж жұмыстары қатар жүргізілуде. Жұмыстардың белгіленген мерзімде аяқталуы үшін барлық қажетті техника мен материалдар жеткізіліп, құрылыс процесі күнделікті бақылауға алынған.

«Ынталы» су жүйесі бойынша жұмыстар бірнеше кезеңге бөлінген. Бірінші кезеңде Тасарық пен Сарыөзек каналдары, екінші кезеңде Байшахан, Өтес, Кедей каналдары, ал үшінші кезеңде Жаңа және Ескі Кәрітоған каналдары күрделі жөндеуден өтеді. Ал «Бүркітті» су жүйесі бойынша бірінші кезеңде Төменгі Бүркітті каналы, екінші кезеңде Киров және Қызыл-Ту каналдарын жаңғырту жоспарланған.

Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары Тасарық, Кедей, Байшахан және Төменгі Бүркітті каналдарында басталып, белгіленген жоспарға сәйкес жүргізілуде. Канал бойындағы қамыс пен бұталарды тазалау, механикалық қазу жұмыстары толық атқарылып, канал трассаларының горизонтальдық белгілері шығарылды. Сонымен қатар канал бойындағы бермаларды қалыптастыру жұмыстары жүргізіліп, Г-тәріздес блоктар мен ЛР-10 темірбетон науалары жеткізіліп, құрылыс-монтаж жұмыстары басталды.

Жөндеу жұмыстары басталар алдында әрбір әкімшілік аумақта орналасқан шаруа қожалықтарының өкілдерімен арнайы кездесулер ұйымдастырылды. Кездесулер барысында уақытша жабылатын каналдар, су беру кестесі, суару мерзімдері мен құрылыс кезеңіндегі өзгерістер жан-жақты түсіндірілді. Сонымен қатар шаруалардың ұсыныс-пікірлері назарға алынып, құрылыс жұмыстары ауыл тұрғындарымен және су пайдаланушылармен өзара келісім негізінде жүзеге асырылатыны айтылды.

Суару жүйелерін жаңғырту – ауданның агроөнеркәсіптік кешенін дамытудағы маңызды жобалардың бірі. Каналдардың күрделі жөндеуден өтуі су шығынын азайтып, суармалы алқаптарды сумен қамтамасыз ету сапасын жақсартады. Нәтижесінде егін өнімділігі артып, ауыл шаруашылығы өндірісінің тиімділігі жоғарылап, Сарысу ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуына оң серпін береді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.