Сарысу ауданында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және табиғи өрттердің алдын алу мақсатында профилактикалық жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда. Осыған орай Сарысу ауданы Төтенше жағдайлар бөлімінің қызметкерлері, аудандық полиция бөлімінің қызметкерлері және жергілікті атқарушы органның өкілдері Түркістан ауылдық округінің таулы аймағында орналасқан жеке шаруа қожалықтарының иелерімен арнайы кездесу өткізіп, өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау бағытында кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – өрт қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру, азаматтардың жауапкершілігін арттыру және өрттің туындау қаупін барынша азайту болды. Мамандар табиғи-климаттық жағдайлар мен ауа температурасының жоғарылауына байланысты өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтаудың маңыздылығына ерекше тоқталып, дала және таулы аймақтарда өрттің таралу қаупі жоғары екенін ескертті.
Кездесу барысында шаруа қожалықтарының иелеріне ауыл шаруашылығы техникаларының техникалық жай-күйін тұрақты бақылауда ұстау қажеттігі түсіндірілді. Әсіресе тракторлар мен өзге де ауыл шаруашылығы техникаларына ұшқын сөндіргіштердің (искрогасительдердің) міндетті түрде орнатылуының маңыздылығы айтылып, бұл құрылғылардың құрғақ шөп пен өсімдік жамылғысының тұтануының алдын алудағы рөлі жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар, мамандар шаруашылық аумақтарында жанғыш қалдықтарды бақылаусыз өртемеу, құрғақ шөптердің жиналуына жол бермеу, арнайы өрт сөндіру құралдарын дайын күйде ұстау, техникаға уақытылы техникалық қызмет көрсету және төтенше жағдай орын алған жағдайда тиісті қызметтерге дереу хабарлау қажеттігін атап өтті.
Айта кетейік, түсіндіру жұмыстары барысында қатысушыларға өрт қауіпсіздігі ережелері жазылған ақпараттық жадынамалар таратылып, олардың сұрақтарына жауаптар берілді. Мамандар әрбір азаматтың өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтауы адамдардың өмірі мен денсаулығын, табиғатты және материалдық құндылықтарды сақтауда ерекше маңызға ие екенін жеткізді.
Сондай-ақ Сарысу ауданында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған мұндай профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жалғасатын болады. Бұл жұмыстар төтенше жағдайлардың алдын алып, тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және қоршаған ортаны қорғауға, аялауға бағытталған маңызды шаралардың бірі болып табылады.