Айшықты мереке аталып өтті

0 41

Биыл еліміз үшін тарихи маңызы зор кезең басталды. Халықтың ерік-жігерімен қабылданып, күшіне енген Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясы әділетті қоғам құрудың, заң үстемдігін нығайтудың және азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғаудың берік негізіне айналды. Конституциялық реформалар мемлекеттік басқару жүйесін жетілдіруге, азаматтардың ел тағдырына қатысты шешім қабылдау үдерісіне белсенді қатысуына жол ашты. Ал алдағы Құрылтай сайлауы – осы конституциялық өзгерістерді іс жүзінде жүзеге асырудың маңызды кезеңдерінің бірі. Бұл – ел болашағын айқындайтын жауапты саяси науқан ғана емес, мемлекетіміздің демократиялық даму жолындағы кезекті маңызды қадам. Осындай тарихи жаңғыру кезеңінде еліміздің жүрегі – Астана күні ел бірлігі мен тұрақтылығының, бейбітшілігі мен жарқын болашаққа деген сенімнің символы ретінде ерекше мәнге ие.

Ұлтымыздың орындалған ұлы арманы – Еуразияның жүрегінде орналасқан айбынды Астана бүгінде тәуелсіз Қазақстанның басты жетістіктерінің біріне айналды. Қысқа мерзім ішінде әлемдік деңгейдегі заманауи мегаполиске айналған бас қала еліміздің экономикалық, саяси, мәдени және рухани орталығы ретінде қарқынды дамып келеді. Зәулім ғимараттары мен сәулетті кешендері, кең көшелері мен көрікті саябақтары елорданың ажарын айшықтап, Қазақстанның өсіп-өркендеуінің жарқын көрінісін танытады. Сондықтан да жыл сайын Астана күні еліміздің барлық өңірінде ерекше салтанатпен аталып өтіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл күй сыйлайтын айтулы мерекелердің біріне айналған.

Осыған орай 6 шілде – Астана күні аудандық мәдениет үйінің алаңында «Жаса, жайна, Астана» атты мерекелік концерт ұйымдастырылды. Мерекелік шараға аудан тұрғындары мен қонақтары көптеп жиналып, ашық аспан астында өткен думанды кештің куәсі болды. Әсем ән мен көтеріңкі көңіл күйге толы кеш барысында тұрғындар елорданың жетістіктерін дәріптеген мерекелік бағдарламаны тамашалап, бір-біріне ізгі тілектерін арнады. Сонымен қатар алаңда Астананың қалыптасу тарихы мен бүгінгі даму жолын таныстыратын арнайы кітап көрмесі ұйымдастырылып, оқырмандар назарына елорда туралы әдебиеттер мен тарихи-танымдық басылымдар ұсынылды.

Мерекелік шараға аудан әкімі Сәкен Мамытов қатысып, жиналған қауымды Астана күнімен құттықтады. Ол өз сөзінде Астананың тәуелсіз Қазақстанның ең басты жетістіктерінің бірі екенін атап өтіп, елорданың еліміздің саяси, экономикалық және мәдени дамуына қосып отырған үлесіне тоқталды.

Астана – Қазақстанның зор қуаты мен бұла күші. Бұл – отандастарымыздың ізгі үміті ақталып, бақыт жолына бастайтын арман қала. Елордамыз – егемендігіміздің айғағы, бірлігіміздің белгісі, болашаққа деген нық сеніміміздің көрінісі. Бүгінде Көк байрағымыз көк күмбездің ұшар басында желбіреген Астана – халқымыздың мақтанышы, мемлекетіміздің мерейі мен мәртебесін асқақтатқан қасиетті мекен. Сондықтан елордамыздың өркендей беруі – барша қазақстандықтың ортақ тілегі, – деді аудан басшысы.

Салтанатты шара барысында аудан әкімі «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының аудандық кезеңінде үздік деп танылған отбасыларды марапаттады. Байқау қорытындысы бойынша І орынға Кемаловтар отбасы, ІІ орынға Ускенбековтер отбасы ие болып, жеңімпаздар мен жүлдегерлерге арнайы дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды. Үлгілі отбасылардың қоғамдағы өнегелі өмір жолы мен отбасы құндылықтарын дәріптеуге қосқан үлесі ерекше аталып өтті.

Мерекелік кеш ән мен күйге, шаттық пен қуанышқа толы болды. Аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары патриоттық және эстрадалық әндерді орындап, көрермендердің ыстық ықыласына бөленді. Сонымен қатар «Айжан қыз» халықтық би ұжымы мың бұрала билеп, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Әсем ән, әсерлі би және ұлттық өнердің үйлесімі мерекенің ажарын аша түсіп, Астана күніне арналған салтанатты кештің сәнін келтірді.

Осындай тағылымы мол мерекелік шаралар ел бірлігін нығайтып, жас ұрпақтың бойында туған жерге, елордаға және Отанға деген сүйіспеншілікті арттыруға зор үлес қосады. Астана күні – ел жетістіктерін дәріптеп, мемлекетіміздің жарқын болашағына деген сенімді нығайтатын, халқымыздың ынтымағы мен бірлігін айшықтайтын ерекше мереке болып қала береді.

Пікір қалдырыңыз

Your email address will not be published.