Мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4 пайызына дейін қысқарту керек. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Премьер-Министр Әлихан Смайылов айтты, — деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Экономикалық саясаттағы басымдықтардың бірі – мемлекеттің экономикадағы үлесін біртіндеп азайту. Бұл жұмыс кешенді жекешелендіру және мемлекетке тән емес функцияларды бәсекелес ортаға беру арқылы жүргізілуі тиіс. Біз мемлекеттің экономикадағы үлесін жалпы ішкі өнімнің 14,4 пайызына дейін қысқартуымыз керек», — деді Премьер-Министр.
Әлихан Смайылов жыл соңына дейін Жекешелендірудің кешенді жоспарының сапалы іске асырылуын қамтамасыз ету қажеттігін баса айтты.
«Жалпы бізден нақты әрі үйлесімді жұмыс талап етіледі. Орынбасарларым өздері жетекшілік ететін салалар мен мемлекеттік органдар бойынша үйлестіру мен бақылауды қамтамасыз етсін», — деді Үкімет басшысы.
Осыған дейін Үкімет басшысы Әлихан Смайыловтың мемлекеттік органдардың бірінші басшылары экономиканы әртараптандыру жұмыстарын күшейтуі қажетігін айтқанын жаздық.