Алаяқ «Әзірейіл»

0 268

Түн іші. Жапан даладағы жол бойында ары-бері ағылған көліктерден басқа тіршілік білінбейді. Жолдың екі жағын жанай өскен биік ағаштар көлікпен жарысып келе жатқандай. Қою қараңғылық көңілге қорқыныш ұялатады.
Кешкі уақытта көп орындық көлігімен жолға шығып кетіп, жалғыз өзі елеңдеп келе жатқан Қапан жол шетінде көлік тоқтатқан жолаушыны көргенде туысын тауып алғандай қуанды. Түр-түсі түсініксіздеу, түксиген, киім киісі де көзге оғаш жолаушы көлік салонына кіріп, ең артқы орындарға отырды… Тоқтауын тоқтаса да, енді «біртүрлі» жолаушыны көлігіне отырғызғанына өкініп келеді. Көзінің қиығымен артқа көз тастаған Қапанның жүрегі зырқ ете қалды. Жаңа ғана ең артқы орындықта отырған жолаушысы ұшты-күйлі жоқ! Қорыққаны сонша тежегішті түбіне дейін қалай басқанын өзі де байқамай қалды. Қатты тоқтаған көліктің руліне маңдайын соғып ала жаздап барып, басын көтере беріп, көзі айнаға түсіп кетіп еді, әлгі жолаушы дым болмағандай орнында отыр екен. Ойына қай-қайдағы қорқыныш ұяласа да білдірмегенсіп: «кірпілердің түнде жол үстіне шығып кететіні жаман. Басып кете жаздадым»- деп міңгірледі. Жолаушы үнсіз. Бұған біртүрлі үрейлі көзқараспен қарағандай. Әлде Қапанға солай елестеп келе ме, белгісіз. Жолаушының жолсерік болып, әңгіме айтуға құлқы жоқ екенін аңғарған соң, асфальт жолдың апшысын қуырып, газды баса түсті. Ойланып кетіпті. Аз уақыттан соң айнаға көзі түсіп кетіп еді…Ойбай! Жоқ! Тағы да жер жұтқандай зым-зия…Әлгінің елсіз жерде, елес секілді жол тосып тұрғаны есіне түскенде, қорқынышы тағы басым түсіп, тежегішті еріксіз басып қалды. Өз екпінімен алға қарай лықсып барып, түзеле бергенде, дәл құлағының түбінен «ей!» деген дыбысты естіп жалт бұрылғаны сол еді, бет-ауызы қан-қан жолаушының бетіне беті тиіп кете жаздады. Зәресі зәр түбіне кеткен бұған төніп тұрып, ызғарлы жанарын қадаған жолаушы:
«Ей! Менде қандай әкеңнің құны бар, а? Бәтеңкемнің шешіліп кеткен бауын байлайын деп еңкейсем болды, тормозыңды басып қала бересің! Бетпен соғылғанды көрсетейін бе саған,а?» — деді. Жаңа ғана жаналғыш көргендей қалтырап отырған Қапан, көмейіне лықсып келген күлкісін тоқтата алмады.
Жынды адамша қарқылдай күлген бұған мән де бермеген жұмбақ жолаушы күбірлей сөйлеп, орнына қайта барып отырды. Біраз үнсіздіктен соң, көңілі орнына түскен Қапан:
— иә, қайдан келе жатырсың? кімсің? – деп сұрады.
Жолаушы саспастан:
— Әзірейілмін. Сенің жаныңды алуға келдім,- деді.
Қапан күліп:
— Әзірейіл ме? .. сендей жаналғыш көрсем көзім шықсын,- деді селкілдей күліп.
Жолаушы елеңсіз:
— Әзірейілді бұрын көріп пе едің? Осыншалықты сенімді сөйлейсің…-деді де, артынша: әлі де сенбей тұрған сияқтысың…
Қапан:
— әрине сенбеймін…
Жолаушы:
— ондай болса біраз жүрген соң алдымызда тағы бір жолаушы кездеседі, соны ал,- деді. Әрі-сәрі күйге түскен Қапан көлігінің рөлін қыса ұстап, жолға үңілді. Жаңадан алған темір тұлпар сыр берер емес, жорға аттай зымырап келеді. Айтса айтқандай, аз жүрген соң, жол бойында көлік тоқтатқан жас жігіт көрінді. Бұл жолы сақтық танытқан түрмен Қапан оны алдыңғы орынға отырғызды..
Отырғызды да:
— иә, кім боласың? қайда барасың? — деді бастырмалата.
Жігіт:
— аға, мен орталыққа жақын бір жерден түсемін. атым пәленше, жазық даладағы күн станциясын бақылаушымын, он бес күндік жұмыстан соң үйге қайтып келе жатқан бетім,- деп өзін таныстырды.
Қапан:
— Артыңа қарашы. Ана жолаушы маған не дегенін айтайын ба? Әзірейілмін дейді!  Жалғыз келе жатқан соң, жолға серік болсын деп, отырғызып едім. Енді жаныңды алам дейді, — деп жымиды. Жігіт артқа қарады да…
— аға, салонда ешкім жоқ қой,-деді. Қапан да артқа айнадан көз салып еді, әлгі «Әзірейілі» міз бақпай бұған қарап отыр.
— Соқырсың ба!? Әне отыр ғой!
Жігіт қайта артқа қарайды да:
— Ағатай, қалжындамаңызшы. Көлікте екеумізден басқа ешкім жоқ! -деді.
Арттағы:
— Көрдің бе? Ол жолаушың мені ести де, көре де алмайды… Өйткені, сенің ғана жаныңды алуға келдім! — деп сыбырлады.
Қапан шындап қорқайын деді. Аяқтары тітіркеніп, үрейленгеннен жүзі сұп-сұр болды….Артта отырған «Әзірейіл» болса, Қапанға қарап:
— жә, машинаңды жолдың ернеуіне қарай бұр. Жазықсыз жолаушының обалына қалма. Иманыңды үйіріп, 2 рәкағат намазыңды оқы да, дайын бол! – деді.
Не істерін білмеген Қапан көздері жасаурап, амалсыз бір күйде көлікті жолдың шетіне қарай бұра берді. Жол шетіне тоқтап, машинадан шықты да, әрі-сәрі күйде тұрып қалды. Әлгінің айтқаны есіне түскен сәтте, селк етіп есін жиған ол, о дүниеге тап-таза күйде аттанбақ болып, үнемі жүксалғышта дайын жүретін заттарын алып, дәрет алмаққа алыстау жердегі қатар өскен тал тасасына тығыла берді. Рәсіміне енді кірісе бергені сол еді, жол шетіндегі шаңды бұрқырата шиқылдаған көлік дауысын естіп, жолға жүгірді.
Сөйтсе…..
Сөйтсе ……
Сөйтсе……
…Өзара келісіп алған мaшинадағы екі жолаушы бұның машинасын ұрлап кетіпті!

Leave A Reply

Your email address will not be published.