Көккөлдегі құбыжықтың құпиясы қашан ашылады?

0 377

Жалпы, жаратылыста бізге беймәлім жұмбақ дүние көп. Мұны біреулер тылсымға балап жатса, енді екіншілер аңыз, қиял-ғажайыппен ұштастырып жатады. Ал кейбір оқиғалар тіпті жағаңды ұстатып, ойыңды сан-саққа жүгіртеді. Міне, соның бірі – Жамбыл облысы Меркі ауданындағы Көккөлдегі жағдай.
Жалпы, меркілік тұрғындар арасында Көккөлде ұзын мойынды, ырғай бас, өркешті алып құбыжық мекен ететіні өткен ғасырдың бел ортасынан бері айтылып келген. Бұған біреулер күмәнмен қараса, құбыжықты көзбен көргендер ақиқат деп айғақтайды.

Аудандағы №2 орта мектепте 1980 жылдары ұстаздық еткен Анатолий Печерский Көккөлдегі құбыжық жайлы алғаш болып «Знание и сила» журналына жазған екен. Содан кейін Мәскеудегі КСРО Ғылым академиясының А.Северцев атындағы эволюциялық морфологиялық жануарлар экологиясы ғылыми-зерттеу институтының қызметкерлері бұл көлді бақылауға алып, Анатолиймен әріптестік байланыс орнатқан.

«Көккөлдегі алып аждаһа жайлы бала кезімде естігенмін. Көнекөз қариялар сол тұста алып құбыжықпен бетпе-бет келгендерін айтып жүретін.

Кейін есейгенде бұл әңгімелер жадымнан ұмытыла бастады. Алайда 70-жылдары Көккөлдегі аждаһа жайлы ел арасында қайта айтыла бастады. Жайлаудағы шопандар су бетіне алып жануар қалғып шығып, ерекше дыбыс шығарғанын айтып, халықты шулатты. Әуелі бұл әңгімеге сене қоймадым. Алайда 1976 жылы жас археологтер үйірмесін ертіп, әлгі Көккөлге бардым. Ол жолы ескі мәдени ескерткіштердің жұрнақтары мен қалдықтарын теріп қайтқанымызбен, араға бірер күн салып ұлым Володя екеуміз көлге қайта оралып, таңғажайып жағдайға куә болдық.

Ұлым екеуміз көлге шомылып жатқан кезімізде бірдеңеден үркіген құстар су бетінен дүркірей ұшты. Кенет жым-жырт тыныштық орнап, биіктігі 7-8 метрдей толқын көтеріліп, сәлден соң судан әлдебір жануардың бейнесі көрінді. Құбылыс сәт сайын айқындалып, болмысы 15 метрдей құбыжық алдымнан шыға келді. Байқап қарасам, мойнының ұзындығы 5 метр, басының ені 1 метр болады.

Зәре-құтым қалмай шошыған мен ұлыма қарасам, ол да қимылсыз қалып­ты. Не қашарымызды, не дауыс шығар­арымызды білмей үнсіз тұрып қалдық. Осылайша, бірер минут тұрғаннан кейін бізге қарап тұрған әлгі жануар бірте-бірте қайта суға бата бастады. Сол кезде барып фотоаппарат есіме түсіп, қоржыныма қарай жүгірдім. Бірақ оған дейін құбыжық су бетінен жоқ болып кетті.

Ауылға келгеннен кейін басымнан өткергенімді КСРО Ғылым академия­сының A.Северцев атындағы эволюциялық морфология және жануарлар экологиясы институтының аға ғылыми қызметкері, биология ғылымдарының кандидаты Сергей Константинович Клумовқа хат қылып жолдадым», – дейді Анатолий.

Кейіпкеріміздің хатына Мәскеуден жауап көп ұзамай келген. Онда Сергей Клумов: «Ғылым өкілдері күні бүгінге дейін жануарлар әлемінің бізге белгісіз болып келген ондаған түрін тапқаны ешкімге де құпия емес. Біз қазір жер бетіндегі жан-жануарлар әлемін жетік білеміз деп салыстырмалы түрде айта алсақ та, көл мен теңіз, мұхит астындағы құпия тіршіліктің қыр-сыры әлі күнге жете зерттеліп бола қойған жоқ. Мәселен, мен сізге хат жазып отырғанымда ленинградтық зоологтан теңіз жануарының бұрын-соңды еш жерде кездеспеген бір түрі – погонофордың табылғанын естідім.

Сіз менен «Көккөлдегі құбылысты қалай түсінуге болады?» деп сұрапсыз. Қандай дерек болмасын, оны асықпай отырып, ғылыми тұрғыда жан-жақты мұқият тексеріп алу ләзім. Осы орайда, өткеннің бір мысалын айта кетейін. Профессор Б.Поршнев 1959 жылы Тянь-Шань сапары кезінде Сарышелек көлінде болады. Жергілікті тұрғындар бұл көлде айдаһарға ұқсас әлдебір құбыжық барын, кейде оның су бетімен көлді кесіп өтіп, жоқ болатынын айтып жүреді екен. Сол жолы профессор күтпеген жерден осы жұмбақ жайдың көзбе-көз куәсі болыпты. Бір метр шамасындай ұзын мойны бар кеспелтек бөрене сияқты дененің күн көзіне жарқ-жұрқ шағылысып, көл бетін кесіп өткенін жарты шақырым жерден өз көзімен анық көреді. «Демек, қауесеттің рас болғаны ғой?» деп ойлайды ол. Кейін белгілі болды, бұл бар болғаны жарық елесінің алдамшы әсері екен. Жүзіп бара жатқан айдаһар да емес, беймәлім мақұлық та емес – бірқазан, ал ұзын құйрығы секілденген нәрсе – құстың соңынан ерген балапандары болып шықты. Ол алыстан күн сәулесімен шағылысып, сағымданып, жарқылдап жанар алдаған. Сондықтан Көккөлге де асықпайық. Әліптің артын күтелік. Сәлеммен С.К.Клумов» деп жазған.

Осы хаттан кейін Анатолий көл бетіне күндіз-түні бақылау жүргізген. Бір күні түн ішінде көл беті қайта астан-кестен болып, түйе шөккендей дауыс шыға бастайды. Одан кейін қатты айқай шығады. Сол түні көлге жақындауға бата алмағанымен Анатолий ертесіне көлдің ортасынан ойдым-ойдым шұңқырлар пайда болғанын аңғарады. Кейіннен байқағаны – осы шұңқырлар суды жұтып, қайта сыртқа лақтыратын болған.

1979-1980 жылдары Көккөлге Оң­түстік Қазақстан геологиялық барлау басқармасының геологі Б.Волчков та келіп, зерттеу жүргізген. Ол көл мұздақтар мен мореналық қыртыстар қабатында пайда болғанын анықтаған. Ал көлдегі шұңқырлар жерасты суы каналының түйісуінен пайда болған деген байлам жасаған. Шұңқырдағы суды қатты сорған кезде айқайлағандай дауыс шығатын көрінеді. Мұндай тартылыс күші адамды да, төрт түлікті де жерасты өзендеріне тартып кетуі мүмкін. Алайда геолог көлден пайда болған құбыжыққа қатысты ешқандай түсінік бере алмаған.

Жалпы, зерттеушінің сөзінің жаны бар сияқты. Себебі кезінде көлге Ресей сүңгуіршілері түсіп көрген екен. Алайда 10 минут болмай судан атып шығып, жан-жаққа қаша жөнелген. Кейіннен олар көл түбінде қысымның жоғары екенін айтып, адам баласы шыдай алмайтынын жеткізген. Негізі, Көккөлдің түбі жоқ деген де сөз бар. Ал табиғат қорғаушылар арнайы бақылау қондырғысы орнатылған балықты суға жіберіп көргенде ол Каспий теңізінен бір-ақ шыққан екен. Ал Көккөлдің суын татып көргендер одан темірдің дәмі шығатынын айтады. Тағы бір деректе қуғын-сүргін кезінде Қытайға қашқан байлар алтындарын осы көлге жасырды делінеді. Байлығына өзгелер қол салмас үшін алып аждаһа туралы аңызды да солар ойлап тапқан деген әңгіме бар. Алайда түбі жоқ көлден осы таңға дейін бірде-бір алтын бұйым табылмаған. Десе де, қазір көлдің бетінен ешқандай қоқыс таба алмайсың. Тіпті, су бетіне түскен жапырақтың өзін толқын мезетте қалқып, жағаға шығарып тастайды. Мұндайға енді таңғалмай көріңіз…

Жалпы, Көккөлдің маңында тағы төрт көл бар. Бүгінде оның екеуі тарты­лып кеткен. Ал қалған екі көлде дәл Көк­көлдегідей құбылыс байқалмайды. Тағы бір таңғаларлығы – Меркі ауданынан шыққан экспедициялық топтың көл бетінде дрондары ұшпай қойған. Қанша ұшырса да, құрылғы көл бетіне бармай, кері айналып келіп отырған. Алайда М.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік өңірлік университетінің студенттері осы жазда көлді барып түсірген дрондар еш кедергісіз су бетінде қалқыған. Осыған қарағанда көлдің белгілі бір мерзімде магниттік күші күшейіп, одан кейін бәсеңдейтін секілді. Әрине, мұның барлығы болжам ғана. Десе де, меркіліктер Көккөлге бейберекет бара бермейді. Және тау бөктеріндегі су ай­дынына тек жаз мезгілінде жол ашылады екен. Басқа уақытта қауіпті.

Қалай дегенмен де Көккөл талай құпияны өзіне бұғып жатыр. Осы тұс­та ерекше ескерерлігі Шотландия мем­лекетінің Лох-Несс өзеніндегі құбыжық жайлы осы таңға дейін айтылып келеді. Ең алғаш 1933 жылы су бетінде көрінген аждаһаны ғалымдар не бар, не жоққа шығар­мады. Алайда оның болмысы Көк­көлдегі құбыжықпен дәлме-дәл ке­леді. Бәлкім, біздің дәуірімізге дейін тір­шілік еткен бұл жануардың жерасты өзендері арқылы жүзіп, әр жерден пайда болатын қасиеті бар шығар. Оны енді ғалымдардың пайымы мен байламына қалдырдық… Алайда егер біз Көккөлдің инфрақұрылымын жақсарта алсақ, бұл туристерді лек-легімен тартатын теңдессіз орынға айналатыны даусыз.

 

Саятхан Сатылғанов

Leave A Reply

Your email address will not be published.