Бұл кісінің азан шақырып қойған есімі Кернебай болған екен. Әкесінің есімі Сүтемген. Бір деректерде 1825 жылы туған деп көрсетілсе, бір деректерде 1830 жылы туған деп айтылады. Сайдалы Сары Тоқа, Шоң, Құтжан секілді атақты адамдармен тұстас болғандығы жайлы деректер бар. Арғынның ішіндегі Қуандықтан тарайтын Аманқұл руынан шыққан. Кесенесі Қарағанды облысы, Жаңаарқа ауданы, Алғабас ауылында. Мекен еткен жері де осы маңай екен.
Кернебайдың бойындағы тылсым күші бесікке бөлеген сәттен бастап көрінген екен. Бесікке бөлеген соң, бесік өз-өзінен шайқалып тербелген, киіз үй ішінде шоршып жүрген деседі. Бұны көрген ауыл ақсақалдары кеңес құрып, баланы жұртқа бесігімен тастап, өздері басқа жаққа көшіп кетеді. Бір түн, бір күндік жерге көшіп барып, енді үйлерін тікелі жатса, өздері ескі жұртқа тастап кеткен бесіктегі бөлеулі бала бесігімен қоса қастарына келіп алған екен. Ауыл адамдары бұл кереметтен шошып, қолдарына бақан алып, баланы өлтірмекші болып бесікке тұра ұмтылады. «Іштен шыққан шұбар жыланын» өлімге қимаған анасы шыр-пыр болып, бесікті қалқалап, үстіне жата кеткен екен. Содан, баланы әке-шешесімен тастап туған-туыстар тағы да басқа жұртқа көшіп кетеді. Шамалы уақыттан соң-ақ баланың тылсым күші сезіле бастайды. Кернебайдың әке-шешесі ауру-сырқау дегенді ұмытыпты. Шипа іздеген ауру-сырқаулар баланың септігі тиеді ме екен деп іздеп келе бастаған екен. Келген жұрттар ауруынан сауығып кетеді. Осыдан кейін Кернебайға «Бала бақсы» атауы таңылған.
Бала бақсы жайлы көзкөргендердің айтқан әңгімесін немесе жазбасын жиыстырып, тұлға ретінде көп жылдар зерттеген жаңаарқалық қаламгер Төлеухан Ілиясұлының «Жаңаарқа нақыштары» атты кітабынан бірнеше аңыздарды оқырманға баяндауды жөн көрдік.
Бақсы өзінің құрдасы Қанболатты «үнемі сен ойланып жүресің, тегін адам емессің» деп онымен «Ойекем!» деп сөйлеседі екен. Бір жылы ел қыстауда. Ол уақыттың адамдары қазіргідей соғым басына қонаққа шақырмайды, түстеніп ет жегісі келгендер, әр нәрсені сылтауратып «бір омыртқа сыбағамызды жеуге келдік», деп алыс-жақын ағайындарға сәлем бере шығып, ел аралап түстеніп қайтады. Сол жылы қыс қатты болады. Қардың мол түскендігінен, қой малы жылдағыдай ойпатты жерде жайыла алмай, тек қыраттау жерде ғана жайылады. Ол уақытта екінің бірі шөп шауып, қора салмайды. Ұсақ малдарын қыстай ықтасын жерден, жылқының тебініне бағады екен. Бірде, Бақсы мен Қанболат жақын бір ағайынның ауылына түстене келеді. Түстік кезінде, бай жағдай сұрасқанда, шынын айтып, ұсақ малының қардың қалыңдығынан қырылудың аз-ақ алдында тұрғанын айтып шағымданады. Бір мая шөбінің күзде тасылмай қыстаудан жиырма шақырымдай жерде қалың қардың астында қалғанын, оны жеткізуге қолдарының қысқалығын айтып, жұттан қалай құтылудың жөнін сұрайды. Бақсы: — Алла бір мәнісін берер аға, оны тым уайымдай бермеңіз, — деп күледі де қояды. Ет желініп, қол жуылды. Қонақтар бой жазуға сыртқа шықты. Кенеттен Бақсы, үй иесіне: «Ал аға, сіз бізді жақсылап күттіңіз, енді біздер даладағы шаруаны шаруалайық, бірге жүріңіз» деп үй иесін сыртқа ерте шығады. Бұлар сыртқа шыға бергенде, есік алдында ойнап жүрген балалар үйге қашып, иттер құйрықтарын бауырына басып, қыңсылап, сиырлар мөңіреп, түйе боздап, жылқы пысқырынып, балалар шуылдап, ауыл арасы азан-қазан болады. Бұрын-соңды аспанда ұшқан құстан басқа ештемені көрмеген ел, көкте қалықтап, ауыл маңын айналып жүрген бір мая шөпті көргенде, қорыққандарынан жағаларын ұстап: — «Астапыралла! Мынасы несі?» — деп, өз бастарын жан-жаққа алып қашады. Сасатын Бақсы ма: — Ақсақал, манағы шөбіңізді қай жерге қондырып берейін? — десе, ауызын ашуға шамасы келмеген бай, есік алдындағы қырды тек қолымен ымдап көрсетуге ғана мұршасы келіп, өзі қорыққанынан қар үстіне құлап түседі. Сөйтсе, байдың тілі байланып қалыпты. Бақсы бір мая шөпті бір қыраттау жерге қондырады да, ескі досы екеуі өз жөнімен кете барады.
Бақсы мен Қанболат жолаушылап келе жатып, бір ауылдың үстінен түседі. Қырдан аса бергенде, Қанболаттың қасындағы Бақсы атына қамшы басып, ауылға қарай құйындатып шаба жөнеледі. «Ойпырмай, мынаның тағы да жындары көтеріп кетті ме?» деген Қанболат бақсының құдық басында иін ағашпен екі шелек су әкетіп бара жатқан келіншекке қарай беттегенін байқап, Бақсының соңынан ереді. Оған ақыра ұмтылған Бақсы, су көтерген екіқабат әйелдің екі жауырынынан кезек-кезек тартып өтеді. Келіншектің: «Алла-ай!» деуге ғана шамасы келіп, екпетінен құлап түседі. Ал, Бақсы болса, қамшысымен ауаны кезек сермеп, біреулермен қамшыласып, боқтап жүріп қыр асып кетеді. Ештеме түсінбеген ел кұдық басына жиналып қалады. Сүт пісірімдей уақыт өткенде ғана әбден шаршап, ентігіп, тұла бойын тер басқан Бақсы да жетеді. — Бақсы-еке, мұныңыз не? — деген жұртқа, болған жағдайды былай түсіндіріп: «Әлгі сайтан бұдан былай мына келіншектің маңына енді жолай қоймас. Өзі де біраз таяқ жеді» — дейді. Терін сүртіп болып: «Мен бір қырдан асып түсе бергенде, мойынағаш көтерген келіншектен басқа жан көзіме түспеді. Өзі екіқабат екен. Оның екі бүйірінен кезек кезек теуіп бара жатқан екі сайтанды көргеннен-ақ, мен келіншектің соңынан шаба жөнелдім. Әлгі келіншекке байқаулы болыңдар. Біз кеткенше жақсылық болып қалар», дейді Бақсы ауыл адамдарына. Осыны айтып тұрғанда, бір бала «сүйінші» сұрап келеді. Кейіннен келіншектің сол жолы қатты толғатып келе жатқанын, екі бүйірінен кезек шаншып, дем ала алмай, албасты басқандай қиналып келе жатқанын естіген жұрт жағасын ұстайды. Келіншек Бақсының қамшысы тигеннен-ақ бойының жеңілдеп, өзінің маужырап рақат ұйқыға кеткенін айтыпты.
ТӨРТІНШІ АҢЫЗ. Жәңгірдің тойынан қайтып келе жатқан Бақсы мен Қанболат Шұбыртпалы елін басып өтеді. Бір ауылға қонақ болып түседі. Ауыл ақсақалының үйінде, қонақтармен табақтас болып, сымбатты келген бір жігіт отырады. Жөн сұраса келіп, бұл жігіттің Қаракесек Кәрсон жігіті екенін біледі. Жігіт айтады: «Жасым жиырмаға келді. Қатар-құрбым тегіс үй болды. Әке шешемнің айттырғандарына көнбей, «өзім ұнатқан қызды ғана аламын», деп жолға шыққаныма көп болды. Әзірге ешбір қыз көңілімнен шығар емес», дейді. — Қарағым, тілімді алсаң әуре болып бұдан былай алыстан қыз іздемей-ақ, еліңе қайта бер. Сенің қалыңдығың жаңа ғана туды. Мына шілдеханасын жасап жатқан үй иесінің анау бесікте жатқан қызы он төрт жасқа келмей сен үйленбейсің, — дейді Бақсы. Жігіт тіксініп қалады. Жатарда төсекті қонақтарға қатар салып береді. Төсекте жатып жігіт ойға қалады: «Ойпырмай-ә! Шыныменен Алланың маған жазғаны мына қыз болса, мен оны он төрт жыл күткенше шашым ағарар. Он төрт жыл бойы қу тіземді құшақтап, мынаның ер жеткенін күтіп сарғайғанша, мен бұл қызды біржолата өлтіріп тынайын» деген оймен әлгі бозбала, бесіктегі нәрестенің қарынына пышақ салып, өзі қашып кетеді. Таңға жақын жанұшыра шырылдап жылаған баланың дауысымен оянған анасы, қызының қарыны жарылып, шек қарыны ақтарылып жатқанын көргенде талып түседі. Ит үріп, бала жылап, ауыл азан қазан болады. Ата-анасы не істерін білмей Бақсыға келіп көмек сұрайды. Бақсы баланы қолына алып, жаялығын ашып, оның шек қарынын өз орнына салып, жарылған қарын еттерін бір-біріне таяп, алақандарымен сипап өткенде, қыздың қарыны желімдегендей бірдей жабыса кетеді. Бала жылағанын қойып, ұйықтап қалады. Енді жұрт: «Бұны жасаған қай жауыз?» деп таң-қалады. Сонда Бақсы: — Бұны жасаған сендердің болашақ күйеу балаларың, — дейді. Ел есі кетіп: — Оу! Бақсеке не айтып тұрсыз? Кеше ғана туған нәрестеге қайдағы күйеу бала? — деп таңданады. — Қарағым, түндегі жігіт қалыңдық іздеп жүрген жігіт еді. Мен оған, «сен осы қыздан басқаға үйленбейсің» деген едім. Жігіт, «мына қызды енді он төрт жыл сарғайып күткенше біржолата өлтіріп құтылайын» деп, түнде мына балаға жөргегінде жатқанда пышақ салып, өзі қашып кетті. Бірақ, ол қыздың тірі қалғанын өзі білген жоқ. Қыздарың тірі қалды. Ақыры Алланың жазуымен сол жігітке тиетін болар. Балаларыңның жасы ұзақ, үбірлі-шүбірлі болады. Ол үшін еш қам жемей, балаларыңды алаңсыз бағып-қағыңдар деген ақыл айтып, өз жөнімен кете барады. Арада он бес жылдай өткенде, Қанболат пен Бақсы жолшыбай бір ауылға соғады. Үріп ауызға салғандай бір сұлу келіншегі бар қырықтың мұғдарындағы толысқан жігіт ағасы қонақтарды жандары қалмай күтіп қарсы алады. Мал сояды. Ертеңгілік үй иесі Бақсының алдында тізерлей отыра қалып: «Бақсеке, осыдан он төрт жыл бұрын мен сіздің маған ескерткен сөзіңізге нанбай, бір ағаттық жасадым. «Он төрт жыл бойы, мына нәрестені күткенше, біржолата өлтіріп кетейін», деп, бесіктегі нәрестеге пышақ салып кеткен жігіт мен едім. Жазмыштан озмыш жоқ екен. Ақыры сол қыз Алланың әмірімен тірі қалыпты. Осыдан бес жыл бұрын бір ауылда қыз қарап жүріп, үріп ауызға салғандай, екі көзі танадай, еріндері үлбіреген, арманымдағы асыл аруымды көріп, есімнен айрыла, тала жаздадым. Қызға сөз байласып, алып қаштым. Айттырып қойған жері бар екен, оның да айыппұлын өтеп, өз бетімізше үй болып кеттік. Шымылдық ішінде жатып, бірде қалыңдығымның қарнын сипасам, алақаным бір тыртықтың ізінен шықты. «Бұл не?» деп сұрағанда, келіншегім маған осыдан он төрт жылғы оқиғаны айтып шықты. Есіме сіз түстіңіз. Мен жазудан қанша қашқаныммен, Құдайдың бұйрығынан аса алмадым. Бармағымды қанша тістегеніммен, өткенді өзгерте алмайсың. Бір кісідей өмір сүріп келе жатырмыз», деп сөзін аяқтады. Бақсы сол жерде екі жасқа өз батасын беріпті.
Жалғасы бар…