Бақсы, құрдасы Қанболатты ертіп, Аралбай Құтжан қажының ауылына келеді. Құтжан кажы өмірі басынан сөз асырмайтын, өзгеге бет қаратпайтын, өр мінезді, дініне берік, кесір-кесапаты жоқ, білімі терең адам екен. Байлығы да ешкімнен кем болмаса керек, қонақ күтіп отырып, қымыздың буына тойғанда, Құтжан Бақсыны сынамақ оймен: «Оу, Бақсым, сенің жының көп пе, менің жылқым көп пе? Кел екеуміз бір — бірімізді салыстырайықшы!» -дейді.
— Қарсы емеспін, салыстырсақ салыстырайық, — дейді Бақсы.
— Онда мен жігіттерге: «Ертең кешкілік жылқыларды Дарат пен Атасу өзенінің арасындағы кіші Қаратөбенің етегіндегі Сарыжалға иіріңдер!» — деп бұйрық берейін, сосын, үшеуміз таңертеңгілік менің жылқыларымды — оң жағына, сенің жындарыңды — сол жағына иіріп көріп, төбенің үстінен екеуін салыстырайық» — дейді қажы.
Келісілген уақытта Бақсекең, Құтжан қажы және Қанболат үшеуі Қаратөбенің басына шығып қараса, оң жақта Құтжанның жеті мың жылқысының көптігінен жер қайысып, бір шеті мен екінші шеті көрінбей тұр екен.
— Ал енді Бақсым, сенің жындарың қанша екенін көрейік! — деді, төбенің сол жағына көз салған Құтжан. Далада ештеме көрінбеді. Құтжан мырс етіп күледі де, ішінен «жын қайыратын дұғаларды» бірінен — соң бірін оқып, тұра береді. Ол өз білімінің тереңдігіне сенген болатын. Өзі оқыған дұғалық бар жерде жын жүрмейтініне әбден сенген Құтжан, Бақсымен осындай шартқа барған еді. Бір уақытта Бақсы: «Ал, қажым, көзіңді жұм!» — дейді. Көзін жұмғаннан бастап «Әлхамнан» бастап, құранның сүрелерін ішінен зауылдатып тұрған Құтжанға бір уақытта: «Көзіңді аш!» — дегенде, төбенің сол жақ бетінде үсті — басы темір сауытпен мұздай қаруланған, найзаларының ұшы көкке тіреліп, күнге шағылысып, жалаулары желмен тербетілген, қисапсыз атты әскердің бір кісідей болып, бүкіл даланы күңіренте, бір мезгілде «Аллахуакбар!» — деп, Құтжанның дұғасына қол жайып, бата жасаған дауысынан жер — дүние күңіренгендей болады. Таңғалып тұрған Құтжанның құлағына: «Әй, Құтжан, сен таңданбай-ақ қой, сенің дұғаңның менің жындарыма дарымаған себебі, менің жындарым мұсылман дініндегі жындар», — деп қажының көңілін орнықтырады.
Бақсыдан осылайша жеңілген Құтжан қажы, Бақсының үстіне шапан жауып, алдына қысырақтың үйірін айдатып шығарып салады. Ел Бақсыға қаншама мал беріп баққанымен Бақсы өмірі жарымайды екен. Оның себебін бір Алладан басқа ешкім білмеген. Ала жаздай осылайша үйір — үйірімен мал айдап келгенімен Бақсы күз түсе Қанболаттікінен соғым сұрауын қоймаған екен.
Sign in
Sign in
Recover your password.
A password will be e-mailed to you.
Алдыңғы